Ақпан айында Қазақстаннан шетелге 58,9 млрд теңге аударылған. Басым бөлігі Ресей мен Түркияға кеткен

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
ақша аударылды
Қазақстаннан аударылған ақша көлемі өскен. Фото: kursiv.media

Ақпан айында Қазақстаннан шетелге аударылған ақша көлемі қаңтармен салыстырғанда 12,3%-ға көбейген. Өткен айда Халықаралық ақша аударымдарының жүйелері (ХААЖ) арқылы 60,3 млрд теңгеге 187,6 мың аударым жіберілген. Соның ішінде Қазақстаннан шет мемлекеттерге 58,9 млрд теңге ақша аударылды.

Ұлтты банктің ақша аударымдары жайындағы статистикасында жалпы ХААЖ арқылы өткен ақша аударымдарының саны 15,3%-ға, көлемі 11,6%-ға өскені жазылған. Ақша Золотая корона, Western Union, Contact, MoneyGram сынды жүйелер арқылы өткен.

Қазақстаннан қанша ақша аударылды?

Жалпы, 2024 жылдың ақпанында Қазақстан аумағында жүргізілген ақша аударымдарының үлесі ХААЖ арқылы жіберілген ақша аударымдарының 1,5% және жалпы сомасының 2,3% құрайды. Ақпан айында Қазақстаннан шетелге ХААЖ арқылы 58,9 млрд теңге жіберілген.

Соның ішінде 20,5 млрд теңгесі Ресейге аударылған. Бұл ХААЖ арқылы өткен қаржының 34,8 пайызын құрайды. Одан кейінгі орында Түркия келеді. Осы елге Қазақстаннан 16,4 млрд теңге аударылған. Үштікті Өзбекстан түйіндейді. Көрші елге Қазақстаннан 9,7 млрд теңге кеткен. Сонымен қатар Грузия мен Қырғызстанға аударылған қаржы көлемі де қомақты: 4,8 млрд және 2,2 млрд теңге. Ақша негізінен АҚШ доллары мен теңгеде жіберілген.

Қазақстанға аударылған қаржы көлемі қандай?

Ақпанда Қазақстанға шетелден ХААЖ арқылы 19,1 млрд теңгеге 71,9 мың ақша аударымы өткен. Қаңтармен салыстырғанда шетелден түскен ақша аударымдарының саны 0,9%-ға өссе, көлемі 7,2%-ға азайған. Қазақстанға ақша негізінен Ресей, АҚШ, Корея, Өзбекстан мен Түркиядан аударылады.

Өткен айда Ресейден 5,7 млрд. теңге түссе ( үлесі – 29,7%), Америка Құрама
Штаттарынан 2,3 млрд теңге (үлесі – 12,1%) аударылған. Корея Республикасынан 1,9 млрд теңге аударылса, Өзбекстанна 1,7 млрд теңге жіберілген. Сондай-ақ Түркиядан 1,4
млрд теңге өткен.

2023 жылдың қаңтар-қазан аралығында халықаралық жүйелер арқылы (банктік шот ашпай) Қазақстан бойынша және шетелге жүргізілген ақша аударымының көлемі  1,12 трлн теңгені құраған еді.

Бұл 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда  26,7%-ға төмен. Бұл ретте операциялар саны өзгеріссіз қалып, ақша аударымының көлемі азайған.

Сондай-ақ оқыңыз