Вячеслав Ким Jusan Bank-ті сатып алғалы жатқанын Kursiv.Media-ға растады

Жарияланды
Шығарушы редактор, шеф-редактордың орынбасары
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Вячеслав Ким
Қадағалаушы агенттік келісім шарттарын қарап жатыр / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Милош Муратовский

Вячеслав Ким қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Jusan Bank акцияларының 97,5%-ын сатып алуға өтініш берді. Бұл туралы кәсіпкер Kursiv.Media-ға хабарлады.

Оның айтуынша, қадағалаушы мекеме өтінішті тексеріп шыққаннан кейін шешім қабылдайды.

«Келісімнің Kaspi.kz-ке қатысы жоқ», – дейді Ким Kursiv.Media-ға.

Апта басында агенттік Кимнің Jusan Bank-ті сатып алғалы жатқаны туралы мәліметті растамаған, жоққа да шығармаған. Сол кезде мекемедегілер азаматтар арасындағы келісім коммерциялық құпия екенін айтқан.

Ким Jusan Bank-ке қызығып жүргені туралы мәлімет алғаш рет 2024 жылғы қыркүйекте пайда болған. Сол кезде  Bloomberg миллиардер осы банкті сатып алу мүмкіндігін қарастырып жүргенін дереккөздерге сүйене отырып хабарлаған.

Jusan Bank кімге тиесілі?

2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Jusan Bank акцияларының 97,5%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Оның 19,67%-ы тікелей өз меншігінде, ал 77,86%-ы First Heartland Securities арқылы иеленген.

2023 жылғы жазда First Heartland Securities-тің 97,98% акциясы ағылшынның Jusan Technologies компаниясынан Есеновтің меншігіне өтті.

Бұл акцияларды беру бірнеше айға созылған сот процесінің нәтижесінде жүзеге асты. 2023 жылғы ақпанда прокуратура Алматы сотына Jusan Bank-ті Қазақстан юрисдикциясына қайтару туралы талап арыз берген. Күзде Есенов банкті бақылау пакетін алып, қалған 2% үлесті миноритарлардан сатып алуды талап етті.

Келісімге отырушылар кімдер?

Вячеслав Ким – Kaspi.kz акционері (үлесі – 20,39%). Бұған қоса «Алсеко» мажоритарлық акционері және Magnum Cash&Carry бөлшек сауда желісінің түпкілікті бенефициары. Бұл туралы Forbes деректерінде көрсетілген.

Forbes Kazakhstan мәліметі бойынша, Ғалымжан Есенов Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкерінің қатарына кіреді. 2024 жылғы рейтингте ол 15-орында тұр, байлығы 590 млн доллар деп бағаланған. Вячеслав Ким бұл тізімде 5,8 млрд доллар капиталымен бірінші орынға жайғасқан.

2025 жылғы 29 қаңтарда Kaspi.kz-тің түрік маркетплейсі Hepsiburada акцияларының 65,41%-ын 1,1 млрд долларға сатып алды.

2024 жылғы жазда Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе Шығыс Еуропа, Өзбекстан нарығына шығатынын айтты. Былтыр мамырда ол Англияның үшінші дивизионында өнер көрсететін Wycombe Wanderers футбол клубын сатып алды.

Jusan Bank Қазақстанның банк саласында алтыншы орында тұрған ірі қаржы мекемесі. Оның 2024 жылғы таза табысы 11,3% артып, 156,7 млрд теңге болған.

Сондай-ақ оқыңыз