Банк пен қаржы

22 трлн теңге: халықтың алған несиесі бизнестің кредитінен асып кетті

Қазақстан халқының кредиті қанша /Фото: shutterstock, бильд редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы ел экономикасына берілген несие көлемі 40,9 трлн теңгеге жетті. Бір жылда рәсімделген несие көлемі 22,3% өсім байқатқан. Соның ішінде 22,05 трлн теңгесі – халықтың алған қарызы.

Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 40,9 трлн теңге кредиттің 35,1 трлн теңгесі – банк секторының берген несиесі. Басқа ұйымдардың экономикаға берген кредиті 5,8 трлн теңгені құрайды.

Қазақстандықтардың мойнында қанша несие бар?

Қазақстандықтардың кредиті бір жылда бестен бір есе өскен. Былтыр жыл басында халықтың мойнында 19 трлн теңге несие болса, жыл соңында ол 22 трлн теңгеден асты.

Халық кредитті негізінен теңгеде алады. 22 трлн теңге кредиттің тек 2,5 млрд теңгесі шетел валютасында рәсімделген.

«Халықтың кредиттеріне кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес мақсаттарға алынған кредиттері кіреді», – деп түсіндіреді Ұлттық банк.

Банктер бизнеске несие беруге ниетті ме?

Ал бизнестің рәсімдеген несиесі бір жылда 20,6%-ға өсіп, 18,8  трлн теңгені құрады. Жыл басында кәсіпкерлер рәсімдеген несие көлемі 16,5 трлн теңгені құраса, 2024 жылдың соңында 18,8 трлн теңгеге жеткен.

Бизнес алған несиенің 14,7 трлн теңгесі ұлттық валютада рәсімделсе, 4,1 трлн теңгесін шетел валютасында алған.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар қарызға батып жатқанына назар аударған. 1,5 млн адамның мойнында уақытында төленбеген кредит бар.