Қазақстандық брокерлер БАӘ мен Оманның қор биржаларында сауда жасай алады
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/tabadul-digital-exchange-hub-1024x576.png)
Қазақстан қор биржасы Tabadul Exchange Hub атты халықаралық платформда жұмысын бастайды. Енді қазақстандық брокерлер БАӘ, Бахрейн және Оман елдерінің қор биржаларында сауда жасай алады. Бұл туралы KASE төрағасы Алина Алдамберген айтты.
Қазақстан қор биржасы бұл платформаға былтыр жазда қосылған еді. Бірақ брокерлер сауда жасауға енді кіріседі.
«Tabadul Digital Exchange Hub ұйымдастырушысы Abu-Dhabi қор биржасымен тамызда келісімге келдік. Бірақ бірігу бойынша процедуралар көп еді, инфрақұрылымды реттеу, есептер жүргізу деген. Онымен біздің еншілес ұйымымыз, КАСС клирингтік орталығы айналысты. Біз де көптеген өзгерістер енгіздік. Осы процестің барлығы енді келісілді», – деп түсіндірді Алина Алдамберген.
Қазір Tabadul Exchange биржасында қазақстандық брокерлерден Skiff Finance агенттігі сауда жасайды. KASE арқылы Freedom Finance, Halyk Finance және BCC Invest те қосылуы керек.
TABADUL Exchange қазақстандық нарыққа қандай мүмкіндік береді?
Бұл биржалық хабқа қосылу қазақстандық инвесторлар үшін халықаралық нарыққа жол ашады. Парсы шығанағы елдерінің нарығындағы сауда жасай алады. Tabadul Exchange платформасына БАЭ-дегі Abu Dhabi Exchange, Омандағы Muscat Exchange, Securities Exchange және Бахрейндегі Bahrain Exchange тәрізді сегіз ойыншы қосылған. Яғни отандық инвесторлар осы елдердің акцияларымен сауда жасай береді. Дәл осындай тәртіппен араб елдерінің инвесторлары да Қазақстан нарығына шығуына мүмкіндік бар.
«Тағы бір жағынан, олардың брокерлері де біздің саудаға қатысқаны маңызды. Біз қазір қазақстандық компаниялар IPO-ға шығып, акцияларын сәтті орналастырып,, өтімділікті көтеру үшін де көптеген шаралар атқарып жатырмыз. Егер шетелдік брокерлер қосылатын болса, олардың кең тәжірибесі, өтімділікті арттыру бойынша жаңа технологиялары да болады», – деп түсіндіреді Алина Алдамберген.
Қазақстан қор биржасы төрағасының сөзінше, бұған дейін ресейлік акцияларымен белсенді сауда жасау үшін Мәскеу биржасымен сауда клирингін құру туралы жоспары болған. Бірақ қазіргі геосаяси жағдайға байланысты тоқтап тұр.
Tabadul Exchange қандай платформа?
Tabadul Digital Exchange Hub 2022 жылы шілдеде іске қосылды. Ол арқылы брокерлер қашықтан отырып, халықаралық қор нарығында сауда жасай алады. Tabadul-ға жеті миллионнан аса инвестор тіркелген.
Платформадағы ең ірі қатысушы – Абу-Даби биржасы (ADХ). Алдамбергеннің түсіндіруінше, қазақстандық брокерлер алдымен осы биржаға қол жеткізді. Бұл жерде БАӘ-нің үкіметі, корпорациялары, басқа биржалық қорлар шығарған құнды қағаздар, облигациялар мен акциялар саудаланады.
Бұған дейін Tabadul-ға отандық тағы бір биржа AIX қосылған еді.