Жаңалықтар

АҚШ Федералды соты халықаралық жобаларды қаржыландыруды тоқтату туралы Трамп шешімінің күшін жойды

АҚШ Федералды соты Трамптың шешімінің күшін жойды / Фото: shutterstock

АҚШ Федералды соты Трамптың халықаралық жобалардың қаржыландыруын үш аптаға тоқтату туралы қаулысының күшін жойды. Және Президент әкімшілігін сыртқы көмек бойынша жұмысты тез арада қалпына келтіруге міндеттеді.

Сот пікірінше, қаржыландыруды кенеттен тоқтатып қою АҚШ-тың халықаралық деңгейдегі әрекетіне көмектесетін ұйымдарға үлкен зиян келтіреді.


Бұған дейін ЖҚТБ-ға қарсы вакцинаны қорғау қауымдастығы және Денсаулық сақтау бойынша жаһандық кеңес атты екі ұйым Трамп әкімшілігінің шешіміне қарсы арыз түсірген. Аталған ұйымдар америкалық қаражат арқылы әлем бойынша жұмысын жүргізеді.

Ал Трамп әкімшілігі әрқайсысын жеке тексеру керек деген себеппен USAID-тың шетелдегі мыңдаған бағдарламаның қаржыландыруын тоқтатты. Вашингтондағы Федералды сот Амир Али мұнымен келіспейді.

«Шетелдік бағдарламалар үшін деп Конгрестен бөлінген қаржыландыруды толық тоқтатып тастауға қатысты Әкімшілік ешқандай түсініктеме берген жоқ. Бұл шешім күтпеген соққы болды. Салдарынан мыңдаған коммерциялық емес ұйымдар, кәсіпорындар және басқа да ұйымдармен жасалған келісімшарттар бұзылды. Әкімшілік адвокаттары қаржыландыруды тоқтату кезінде көптеген шағын және ірі кәсіпорындардың жағдайын ескермеуге қандай да бір негіз болғанын дәлелдей алмады», – деді сот өз сөзінде.

Сот қаулысының мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен басқа де мемлекеттік шенеуніктерге де қатысы бар. Оларға Трамп пен Масктың шетелдік көмекті тоқтату бойынша жіберген нұсқауын орындауға тыйым салады.

USAID – Трамп президенттікке келген алғашқы айда ең көп «соққы» жеген ұйым. Дональд Трамп және DOGE басшысы Илон Маск ұйымның жұмысын сынап, жабуға асықты.

Масктің USAID-ті тарату әрекеті халықаралық деңгейде үлкен шуға ұласты. Агенттік көптеген елге гуманитарлық көмек көрсетеді, оның ішінде Қазақстан да бар.

Егер USAID жұмысы тоқтап, қаржыландыруға шектеу қойылса ол Қазақстанға да әсер етеді. Елдегі адам құқығы, білім, медицина және медиа саласындағы біршама жобалар жабылуы мүмкін. Ал әлем бойынша USAID-тың мыңдаған қызметкерлері жұмыссыз қалу қаупі бар.