![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/cfo-summit-2025-1024x576.png)
Алматыда 12-рет қатарынан қаржы, экономика, бизнес және инвестиция саласындағы жетекші мамандар бас қосатын жиын өтпек. CFO Summit 2025 биыл «мүшел жасын» атап өткелі тұр. Осыған орай шара «Қазақстандық арман қандай – оған қалай жетуге болады және оны қаржы мен экономика сарапшылары қалай көреді?» деген тақырыппен өтпек.
Саммит спикерлері қаржы, экономика және технология тұрғысынан Қазақстанның даму перспективаларын талқылайды. Саясаттанушы әрі қоғам қайраткері Досым Сәтпаевтың сөзінше, қазір әлемде белгісіздік көп, басты мақсат – қиындықтарға мойымай, жаңа мүмкіндіктерді іздеу болу керек. Ал кәсіпкер Ержан Досымбеков мұндай кезеңде мемлекет экономикаға көбірек еркіндік беру керек деген пікірде.
«Кәсіпкерлер – ел экономикасының негізі. Мемлекет бизнеске араласуды барынша азайтып, тек стратегиялық мәселелерге ғана көңіл бөлуі керек. Қазақстандық арман – бұл мемлекет, бизнес және қоғам бір экожүйеде дамитын орта қалыптастыру«, – дейді ол.
Саммит спикерлері:
- Игорь Рябенький – AltaIR Capital америкалық венчурлық компаниясының негізін қалаушы, инвестор
- Елена Бахмутова – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайымы
- Алина Өтемісқызы – Қазақстан қор биржасының басқарма төрайымы
- Ғалым Хусаинов – «Teniz Capital Investment Banking» директорлар кеңесінің төрағасы
- Ораз Жандосов – «Ракурс Консалтинг Груп» және «Eneverse KunKuat» компанияларының тең иесі
Бұл жылғы саммиттің басты ерекшелігі – Best Practices сессиялары өтеді. Онда жетекші мамандар табысты бизнес-кейстерімен бөліседі. Ал C-Mentoring бағдарламасы арқылы қатысушылар танымал менторлардан жеке кеңестер алады
Саммиттегі тағы бір маңызды шараның бірі – The Best CFO 2025 сыйлығын табыстау рәсімі. Қаржы, ірі және орта бизнес және шағын бизнес секторындағы үздік қаржы директорлар арнайы марапатталады.