Болливуд лейблдары OpenAI жасанды интеллект компаниясын сотқа берді

Жарияланды 14 Ақпан 2025 14:31

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Болливуд Open AI-ды сотқа берді / фото: Kursiv.Media коллажы, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Болливудтағы ірі музыкалық лейблдар Үндістандағы авторлық құқығын даулап, ChatGPT қосымшасын шығарған OpenAI компаниясын сотқа берді. Нью-Дели соты шағымды келесі аптада қарайды.

Сотқа шағымдануға не себеп?

13 ақпан күні Үндістан музыка индустриясы (IMI) тобы, T-Series мен Saregama India лейблдары Нью-Дели сотына шағым түсірді. Олар жасанды интеллектіні дамыту барысында «дыбыс таспаларын заңсыз қолдану» әрекетін сотта қарап, әділ шешім шығаруды сұрайды.

«Осы мәселеге қатысты сот шешімі Үндістан ғана емес, бүкіл әлемнің музыка индустриясы үшін маңызды», – деп мәлімдейді сотқа шағымданушылар. Лейблдар өтінішімен Reuters танысып шықты.

OpenAI жасанды интеллект компаниясы Болливудтың сотқа жүгінуіне қатысты сауалдарға әзірге жауап қатқан жоқ.

Жасанды интеллектіге қарсы науқан

Енді музыкалық лейблдар үндістандық ANI ақпарат агенттігінің шағымына қосылуды көздеп отыр. Агенттік былтыр ChatGPT қосымшасын контентін жасанды интеллектіні оқыту кезінде заңсыз пайдаланды деп айыптаған.

OpenAI-мен соттасу Үндістанда ауқымды науқанға айналып, оған миллиардерлер Мукеш Амбани мен Гаутам Адани қолдайтын медиатоптар мен баспалар қосылған.

Болливуд пен үндіс поп-музыкасы – Үндістандағы ірі бизнес. Бір ғана T-Series жылына 2 мың ән шығарады, ал Saregama-ның құрылғанына бір ғасырдан асқан.

Соттың алғашқы отырысы 21 ақпанда өтеді.

Өткен аптада ғана OpenAI жетекшісі Сэм Альтман Үндістанға барып, осы елде арзан жасанды интеллект енгізу мәселелерін талқылаған.

Жыл басында OpenAI 6,6 млрд доллар инвестиция тартып, содан кейін компанияның нарықтағы құны 157 млрд долларға жетті. OpenAI – венчурлық капиталмен қаржыландырылатын ең ірі стартаптардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыз