Сары түс трендте: әлемдегі ең танымал автокөлік түстері

Жарияланды 16 Ақпан 2025 13:30

(жаңартылды 17 Ақпан 2025 11:48)
Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Ең тартымды автокөлік түстері: ақ көшбасшы, бірақ сары трендте / Фото: kursiv.media,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жыл сайын автокөлік өндірушілері мен нарық сарапшылары тұтынушылардың таңдауларын мұқият бақылап, автокөлік түстеріндегі өзгерістерді тіркейді. BASF химиялық концернінің мамандары 2024 жылғы ең танымал автокөлік түстерінің есебін жариялап, көліктердің қандай реңі әлем жолдарында басымдыққа ие болғанын анықтады.

Классикадан ауытқымаймыз: баяғы ақ, қара және сұр

Көлік жүргізушілерінің таңдауы біртіндеп өзгеріп жатқанына қарамастан, ақ түс әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Алайда оның үлесі жыл өткен сайын төмендеп келеді. Бұл болашақта түстерге деген көзқарастың өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді.

Сондай-ақ қара және сұр түсті темір тұлпарларға әлі де сұраныс жоғары. Бұл реңктер көбінесе ұстамды және әмбебап түстер ретінде қабылданады. Оларды көбінесе премиум автокөлік сатып алушылары мен іскерлік компаниялар таңдайды. Өйткені бұл түстер қатаң және ұстамды стильді айқындай түсетіндей.

Жарқын түстердің танымалдығы артып келеді

Ахромат (нейтралды – ақ, қара, сұр) түстердің үстемдігіне қарамастан, жарқын реңктердің, әсіресе, сары түстің танымалдығы күрт өсті. Сарапшылардың мәліметінше, 2024 жылы сары түсті автокөліктердің үлесі екі есе көбейіп, 1,5%-ға жетті.

Бұл трендтің артуына бірнеше фактор әсер еткен:

  • Жеке ерекшелікті айшықтай түсуге деген қызығушылық. Сары түсті көліктер жолда ерекше көзге түседі, бұл өзіндік талғамын көпшілікке паш еткісі келетін жүргізушілер үшін маңызды.
  • Электромобильдердің дамуымен байланысты. Көптеген өндіруші электромобильдерге стандартты емес, жарқын түстер ұсынуда.
  • Спорттық автокөліктердің әсері. Сары түс жылдамдық пен динамиканы білдіреді. Сондықтан ол жылдамдықты ұнататындар арасында сұранысқа ие.

Тағы қандай түстер трендте?

Сары түспен қатар, көк және жасыл түстер де танымал бола бастады. Бұл реңктер сатып алушылар мен электромобиль иелері арасында сұранысқа ие.

«Ал қызыл түс, дәстүрлі түрде танымал болғанымен, қазіргі таңда өз позициясын әлсіретіп, жаңа фавориттерге орын бере бастады», – дейді сарапшылар.

Автокөлік түстеріне қатысты әр елдің жеке ұстанымы бар

Автокөлік иелерінің түсті таңдауы көбінесе өңірге байланысты. Талғамға климат, мәдени дәстүрлер, экономикалық жағдай және менталитет ықпал етері сөзсіз. Мәселен Еуропада қашанда консерватизм сәнде.

Еуропа елдерінде ең танымал түстер сұр, қара және ақ. Еуропалықтар қарапайымдылық пен ұстамдылықты жоғары бағалайды. Сондықтан аталған түстерді таңдағанды жөн көреді. Соңғы жылдары көк және қою жасыл түстер танымал бола бастады. Әсіресе, электромобильдер мен премиум автокөліктер арасында.

Азия ашық түстер мен инновацияларға басымдық береді. Азия нарығында ақ түс көш бастап тұр, әсіресе, Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяда. Ол тазалықты, технологияны және заманауилықты білдіреді. Бірақ кейбір елдерде, мысалы, Үндістан мен Таиландта, қызыл, көк және алтын түстер сұранысқа ие. Бұл реңктер сәттілік пен байлықтың символы саналады.

Солтүстік Америкада ерекше ашық түстер сәнде. АҚШ және Канада тұрғындары көлік түсін таңдауда батыл болып келеді. Ақ, қара және сұр түстерден бөлек, қызыл, көк және қою жасыл темір тұлпарлар да жиі кездеседі. Әсіресе, жол талғамайтын көліктер мен пикаптар арасында. Соңғы жылдары жылтырамайтын, ұстамды түстер мен ерекше металликтер трендке айналып, жүргізушілер автокөліктерін ерекшелеуге тырыса бастады.

Ашық түсті автолар күн сәулесін жақсы шағылыстырады

Латын Америкасының жүргізушілерінің ашық түстерге деген сүйіспеншілігі жоғары. Бразилия, Мексика, Аргентина сияқты елдердің жүргізушілері қызыл, қызғылт сары, сары және көк түстерді жиі таңдайды. Бұл аймақтың климаты мен мәдени ерекшеліктерімен байланысты. Сонымен қатар ашық түсті автолар күн сәулесін жақсы шағылыстырады, бұл ыстық климат үшін маңызды.

Таяу Шығыс және Африка елдері ыстыққа төзімді реңдерді таңдайды. Парсы шығанағы елдерінде ақ түс көш бастап тұр. Ол мәртебені көрсетіп қана қоймай, күн сәулесін жақсы шағылыстырып, автокөліктің қызып кетуі сынды жағдайларды алдын алады. Африкада да ашық түстер сұранысқа ие. Бірақ кейбір аймақтарда қызыл мен көк түстер, әсіресе, жастар арасында, танымал бола бастады.

Ал ТМД елдерінде классика сәнде. Ресей, Қазақстан, Беларусь және басқа ТМД елдерінде ақ, сұр және қара түстер ең көп таралған. Олар әмбебап әрі сұранысқа ие, сондықтан мұндай көліктерді кейіннен сату оңайырақ. Дегенмен соңғы жылдары қою көк, қою қызыл және қою жасыл түстер трендке айналуда. Люкс көліктер мен жол талғамайтын автолар арасында сұранысқа ие.

Алдағы жылдары қандай түстегі автолар сәнде болады?

Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы жылдары нарық дәстүрлі ақ, қара және сұр түстерден біртіндеп алыстап, жарқын түстерге көбірек назар аудара бастайды. Бірақ түстерге қатысты жүргізушілердің талғамы күрт өзгере қоймайды – классикалық реңдер әлі де рейтингтің жоғарғы қатарында қала бермек.

Автокөлік сатып алушылар функционалдылықпен қатар жеке талғам мен ерекше болуға да назар аудара бастады. Бұл болашақта ерекше түстерге деген сұранысты одан әрі арттыруы мүмкін.

Еске сала кетсек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тізгінделген көліктердің саудасы 2023 жылғы көрсеткішпен шамалас болған. Сонымен қатар қайталама нарықта баға төмендеді. Ал жаңа көліктердердің саудасы артты. Бұған диллерлер ұсынған тиімді несиелік бағдарламалар мен бөліп төлеу, жеңілдіктер ықпал етті.

Сондай-ақ оқыңыз