Енді несие алу қиындай түсуі мүмкін

Жарияланды
Несие беру талаптары қатаңдатылуы мүмкін / Фото: shutterstock

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Ұлттық Банкпен бірлесіп, тұтынушылық несие беру ережесін қатаңдатпақшы. Әзірге нақты қандай өзгерістер болатыны белгісіз.

ҚНРДА және Ұлттық банк халықтың шектен тыс қарыздануын, проблемалық несиелерді азайту мақсатында арнайы шаралар қабылдайды:

  • қарыз алушының төлем қабілетін бағалау талабы қатаңдатылады
  • мерзімі өткен кредиті бар азаматтардың тағы да қарыз алуына шектеу қойылады

«Халықтың проблемалық қарыздарының жиналуын шектеу мақсатында қосымша реттеушілік және заңнамалық шараларды қарастыру жоспарлануда. Бұл реттеу шаралары ең алдымен өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға көмек көрсетуге бағытталады», – деп жазылған агенттік хабарламасында

Халыққа берілетін кредит көлемін азайтуға тырысқанымен, реттеуші бизнеске несие беруді көбейтпекші. Ол үшін «Даму» қорының негізінде шағын және орта бизнес несиесіне кепілдік беретін қор құрылмақ.

Әзірге банктермен бірлесіп, олардың кепілдендіру жүйесіне қатысу шарты талқыланып жатыр. Сондай-ақ бизнестің ол кепілдендіру қорына қатысуын жеңілдетуді қарастырады.

Қазақстандықтардың несие алуы жылдан-жылға көбейіп бара жатыр. Былтыр банктер берген несие көлемі 40,9 трлн теңге болды. Бір жылы ішінде рәсімделген несие 22,3%-ға артқан. 40 трлн несиенің жартысы – қарапайым қазақстандықтардың борышы.

Сондай-ақ оқыңыз