
Мемлекеттік кірістер комитетінің тексеруінше, елдегі 600-ге жуық блогер, инфлюенсер тәрізді танымал тұлғаларға салық төлеу туралы ескерту жіберілген. Олар шамамен 53,3 млрд теңгеге жуық кірісін дұрыс көрсетпеген.
«Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді ұсынылған салық декларацияларының мәліметтерімен салыстыру қорытындысы бойынша 594 тұлғаларға 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздіктер белгіленді, нәтижесінде осы жылдың 13-14 ақпан аралығында «кірістерді төмендету» бұзушылықтары бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», – деп жазылған комитет таратқан хабарламада.
Ведомство мәліметінше, тұлғалардың интернетте әртүрлі оқу курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу, онлайн жарнамалар жариялауына назар аударылған.
Мемлекеттік кірістер комитетінен хат алған тұлғалар 30 күн ішінде қосымша салық есебін ұсынуы қажет. Келіспеген жағдайда комитетке өз түсіндірмесін ұсынады.
Бұған дейін танымал блогер Әлішер Елікбаев фейсбуктегі парақшасында 8 мыңға жуық тұлғалар салық органдарынан хаттар алып жатыр деп жазған еді.