
Әйгілі баскетболшы Майкл Джорданның зәулім үйін айына 230 мың доллар немесе 114 млн теңгеге (1 доллар – 498 теңге, ред,) жалға алуға болады. Оны сатып алған HAN Capital инвестициялық компаниясы жалға бере бастады деп жазады Realtor.com.
«Ерекше шара ұйымдастырсаңыз да, сыйлы қонақтар күтіп алып немесе жоғары деңгейдегі бизнес-демалыс жоспарласаңыз да, бұл үй бақуатты өмірдегі таңғажайып демалыс үшін арналған», – деп жазылған хабарландыруда.
Хайленд-Паркте орналасқан зәулім үйдің 9 жатын бөлмесі, 19 жуыну бөлмесі бар. 14 тұрақ орны, бассейн, теннис корты және гольф ойнауға арналған алаңқай да орналасқан. Сондай-ақ толыққанды баскетбол алаңшасы және сигара бөлмесін де пайдалануға болады. Үймен қоса алғанда аумағы – 33,2 мың шаршы метр.
Бұған дейін зәулім коттедж 2012 жыл 29 млн долларға сатылымға шығарылған. 2013 жылы бағасы 16 млн долларға, 2015 жылы 14,855 млн долларға дейін түсті. Кейінірек оны HAN Capital инвестициялық компаниясының серіктесі Джон Купер сатып алды.
Бірақ зәулім үй саудаланып жатқанда ешқандай жөндеу жұмыстары жасалмаған. Осыған дейін Decaying Midwest никіндегі TikTok қолданушысы Джорданның үйіне кірдім деп хабарлаған. Ол түсірген видеоларда коттедждің жағдайы әлдеқайда нашар. Ас үйдегі гарнитура есіктері жерде жатыр, жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Кейінірек Джордан өкілдері видеодағы кадрлер ол үйдің іші емес деп мәлімдеді.
Майкл Джорданға тиесілі дүниелер бұған дейін де сатылымға шығарылған. Мәселен, 2021 жылы баскетболшының ойын формасы аукционда 1,38 млн долларға сатылған еді.