Жаңалықтар

«Қазақмыс» компаниясының шахталарында соңғы жылдары қанша кенші қаза тапты?

«Қазақмыс» компаниясына тиесілі кеніштерде 2023 жылы жазатайым оқиға көп тіркелген / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Қазақмыс» компаниясына тиесілі Жомарт кенішінде тау массасы құлап, 7 кенші қаза тапты. Бұл апат компания кенішіндегі алғашқы қайғылы оқиға емес.  «Қазақмыс» компаниясына қарасты кәсіпорындарда соңғы жылдары қайғылы оқиғалар көп тіркелген. KursivMedia редакциясы «Қазақмыста» болған апаттар мен жазатайым оқиғалар туралы жазып шықты.

Жыл басынан бергі екінші апат

Жыл бастала сала «Қазақмыста» қайғылы оқиға тіркелді. Нақтырақ айтқанда, 21 қаңтар күні Жезқазғандағы «Анненск» шахтасында жазатайым оқиға болып, 1985 жылы туған 5-разрядты ұнтақтаушы қаза тапты.

Араға 28 күн салып, «Жомарт» кенішінде төтенше жағдай болды. Апаттан жеті бірдей кенші қаза тапты. Тоқаев үкіметке апат себебін тексеріп, кеншілердің отбасына көмек көрсетуді тапсырды.

2024 жыл

2024 жылы 7 қазанда Қарағанды облысындағы «Саяқ-3» шахтасында екі жұмысшы қаза тапты. Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта шахтада көміртегі газы шамадан тыс бөлініп, эвакуация жүргізілгені айтылады. Бірақ соған қарамастан, оқиға кезінде 2 жұмысшы қайтыс болған. Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 277-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

2023 жыл

2023 жылдың 26 қазанында Ұлытау облысындағы Жыланды кенішінде жазатайым оқиға тіркелді. Адам шығыны болмады. Бірақ 6 адам зардап шекті.

Он күн өткен соң, 2023 жылдың 6 қарашасында «Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында 1984 жылғы тау-кен шебері қаза тапты.

Ал 22 қарашада №2 Жезқазған байыту фабрикасында жазатайым оқиғада 1980 жылғы  конвейер машинисінің қайтыс болғаны хабарланды. Компания арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтынын мәлімдеді.

27 қараша күні «Қазақмыс» компаниясына тиесілі «Жайсаң» шахтасында тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде Ғ.Омаров атындағы шахта тресінің 1981 және 2002 жылғы үңгуші қызметкерлері ауыр жарақат алып қаза тапты. 2023 жылдың қараша айының өзінде «Қазақмыс» кәсіпорындарында 4 кенші қайтыс болған.

2023 жылдың 26 ​​желтоқсанында Ұлытау өңіріндегі Жыланды кенішінде жазатайым оқиға болып, 1992 жылғы машинист қайтыс болды. Компанияның баспасөз қызметі апаттың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.

Жалпы 2023 жылы «Қазақмысқа» тиесілі кеніштерде өндірістік жарақат 2022 жылмен салыстырғанда 3 есе көп болған. Оған жоғарыда тізіп шыққан жазатайым оқиғалар дәлел бола алады.

«Қазақмыс» – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші. Компания кен өндіріп, оны тауарлық металға өңдейтін объектілерді басқарады. Корпорацияға кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы иелік етеді. Олар «Қазақмыс корпорациясының» 69,37% және 29,73% үлесіне иелік етеді.