Алматыдағы Көктөбе мен тау бөктеріндегі құнарлы топырақтар заңсыз сатылып жатыр — депутат

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Алматының тау бөктеріндегі топырақтар заңсыз сатылып жатқаны рас па? / Коллаж: kursiv.media  бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыдағы Көктөбенің және маңындағы тау бөктерінде құнарлы топырақтар заңсыз сатылып жатыр. Әсіресе, топырақтың беткі қабатын сырып алатындар көбейген. Астанадағы құрылыс компаниялары да жер қойнауын рұқсатсыз пайдалануға көшкен. Мұндай мәліметті Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек келтірді.

Мәжілістің комитет отырысында депутаттар «Топырақты қорғау туралы» заң жобасымен танысты. Жиында депутат Бақытжан Базарбек елде топырақты заңсыз сату фактілері көбейіп бара жатқанын мысалға алды. Әсіресе, Алматыдағы тау бөктеріндегі топырақты сатуды бизнес көзіне айналдырып алғандар барын айтады.  

«Өкінішке орай, топырақтың беткі қабатын заңсыз сырып алады. Бұл проблема бізде шешілмеген. Мысалы, Алматы қаласын алсаңыздар Көктөбенің және барлық тау бөктеріндегі топырақтың беткі қабатын кәдімгідей 1 метр тереңдіктен сырып алып кетеді. Оны сатады не болмаса құрылысқа қолданады. Жанында орналасқан құрылыс объектілері де қолданады. Оған полиция шақырса да, ешқандай шара қолданылмайды. Қолданылса да тиісті заңсыз іс-әрекеттерге тосқауыл болмайды», –деді мәжілісмен.

Депутат елде жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері де жиілегенін айтады. Әріге бармай-ақ, Астананың өзінде бұл мәселе ушығып кеткен.

«Астананың шет жағына қарасаңыздар шұңқыр жерлер көбейіп кеткен. Құрылыс компаниялары барады да, қазып өзіне қажетті топырақты алып кетеді. Оны олар сатады. Ақмола ауданындағы бұл жерлер кадастр нөмірі ретінде алынған деп көрсетілмейді, сондықтан оны дәлелдеу өте қиын. Камерамен жанында тұрсаң да, сот барысында дәлелдей алмайсың», деп мәлімдеді ол.

Бақытжан Базарбек заңда бұл мәселе реттелмегендіктен, жер қойнауын бей-берекет пайдалану көбейіп кеткенін айтады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жерге орналастыру жұмыстары жөніндегі мемлекеттік институтының мәліметі бойынша елдегі 29,9 миллион гектар жер тозған. Потенциалды топырақ құнарлылығы 17%-ға төмендесе, суармалы жерлердегі сортаңды жерлер 35-37%-ға артқан. Соның салдарынан ауыл шаруашылығының өнімі төмендеп кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз