Банк пен қаржы

Қосылған құн салығының көтерілуі тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді

ҚҚС көтерілуі тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді / Фото: kursiv.media

Қазақстанда құрылыс компаниияларына ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру ұсынылып отыр. «Бұл бастама тұрғын үй бағасына әсер етуі мүмкін бе» деген сұраққа Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жауап берді.

Оның айтуынша, Үкімет бизнес өкілдері мен сарапшылармен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдаған. Алдағы бір-екі күнде осы ұсыныстарды жинақтап, Мәжіліс қарауына кіргізеді.

Вице-министр сондай-ақ инфрақұрылымдық алымның талқыланып жатқанын атап өтті.

«Инфрақұрылымдық алым қазір талқылануда. Оның түпкілікті шешімі жоқ, бірақ менің ойымша, оны ҚҚС-пен қамту дұрысырақ», – деді ол.

Азамат Әмрин 2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі 135 трлн теңгені құрағанын, оның 17,5%-ы көлеңкелі экономикаға тиесілі екенін атап өтті. Бұл – шамамен 20 трлн теңге.

Вице-министр көлеңкелі айналымның ең үлкен үлесі бар салалар ретінде көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау және білім беру салаларын атады.

«Қазіргі уақытта біздің ірі құрылыс салушыларымыз ҚҚС төлеушілер емес. Олардың сатып алатын тауарлары – санитарлық фаянс, плитка, линолеум да ҚҚС-сыз келеді. Яғни құрылыс нарығы көлеңкеде қалып отыр. Егер құрылыс салушы ҚҚС төлейтін болса, ол 16%-ды құрайды. Сәйкесінше, егер ол барлық жеткізушілерін ҚҚС төлеуге тартпаса, бұл айналым салығына айналады. Осыны көлеңкеден шығару үшін құрылыс салушы өзі сатып алатын өнімдерді де көлеңкеден шығаруға тырысады», – деп түсіндірді ол.

Құрылыс саласындағы ҚҚС мөлшерлемесінің артуынан тұрғын үй бағасын қымбаттатуы мүмкін. 2008 жылдан бері құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді сату кезінде ҚҚС төлеуден босатылған болатын. Алайда жаңа Салық кодексінің жобасында бұл жеңілдікті алып тастау ұсынылып отыр. Сарапшылар бұл өз кезегінде тұрғын үй бағасының шамамен 8%-ға өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтады.

Азамат Әмрин ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру бюджетті толықтыру және экономикалық өсуді жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал ҚҚС-қа тіркеу шегі 15 млн теңге деңгейінде қалмақ.