
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов блогерлердің салық төлеу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Зайытовтың айтуынша, кейбір блогерлердің табыстарын ашық көрсетіп, өздерінің мақтаншақтығынан салық органдарының назарына ілікті.
«Блогерлер өздері кінәлі.Кейбір блогерлер бар ғой, ақшаны көрсетеді, өтірік көліктерін көрсетеді, мынша табам деп мақтанады. Сосын салық органдары қарап отырмайды да, тексеруге алады», – деді Зайытов.
Салық тексерулері күшейді
Айта кетейік, 13-14 ақпан күндері Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) елдегі 543 блогер, инфлюенсер және танымал тұлғаға салықтық ескерту хаттарын жіберді. Оларға 2022-2023 жылдардағы табыстарын толық көрсетпеді деген айып тағылған.
Көп ұзамай әлеуметтік желілерде осы санатқа кіретін 31 адамның тізімі жарияланды. Kursiv Media олардың кейбірімен байланысып, пікірлерін сұрастырып көрген.