
13-14 ақпанда Мемлекеттік кірістер комитеті елдегі блогерлер, инфлюенсерлер секілді 543 тұлғаға салық ескертуін жіберді. Олар 2022-2023 жылдар аралығында кірістерін дұрыс көрсетпеген деп отыр. Артынша әлеуметтік желілерде осы санатқа кіретін 31 адамның тізімі жарияланды. Олардың арасында кәсіпкер, жүргізушілер, блогерлер, әнші, журналистер де бар. Бірақ 31 адамның ешқайсысы салық органдарының айыбына келіспейтін тәрізді. KursivMedia солардың бірқатарының пікірін ұсынады.
Өркен Кенжебек: 214 млн теңге төлемегенсің дейді
Салық органдарынан ескерту алған блогердің бірі – Өркен Кенжебек. Оның инстаграмда 231 мың аудиториясы бар, саяхатшы, блогер. Өркенге мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылы 100 млн теңге, 2023 жылы 114 млн теңге табыс есебін дұрыс көрсетпеген, салығы төленбеген деген ескерту жіберген.
Блогердің сөзінше, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, бірақ оның айналымы 100 млн-ға жетпейді.
«Қазір нақты бірнәрсе деп айта қоятындай қосымша ақпарат жоқ. Бухгалтер қандай шағымыңыз бар деп, хат дайындап жіберуі керек (салық органдарына – ред.)»,- дейді ол.
Сырымбек Тау: 10 млрд-тан аса салық төлегенмін
Тізімдегі 31 адамның бірі – кәсіпкер Сырымбек Тау. Ол 2022-2023 жылдары 114 млн теңге кірісін ашық көрсетпеген деп күдіктенеді. Бірақ бизнесмен үшін бұл анағұрлым үлкен қаражат емес. Себебі оның айтуынша, кәсіпкерге тиесілі компаниялар тек салыққа 10 млрд теңге төлеген. Оның жанында «114 млн теңгеге жарнама жасады дегені» тіпті түсініксіз екенін айтады.
«Ал 114 миллион теңгеге жарнама жасап, салық төлемеді немесе блогер ретінде 114 миллион теңге табыс тапты деген ақпарат түсініксіз. Осы мәселеге қатысты есепшім барлық құжаттарды мұқият тексеріп, 2022-2023 жылдарға қатысты мән-жайды анықтайды. Мен жарнама арқылы ақша тапқан емеспін! Құдайға шүкір, өз кәсібім бар, табысым өзіме жеткілікті азаматпын», – дейді ол өзінің фейсбуктегі парақшасында.
«Егер банктік карталарға түскен қаражаттарды осылай салық есебіне енгізетін болса, онда әрбір Қазақстан азаматының картасы тексерілуі мүмкін» деп ескертеді Сырымбек Тау оқырмандарын.
Мұхтар Тайжан: Мен заңсыз жарнама жасап жүр деп күдіктенеді
Тізімде аты-жөні аталған тұлғаның бірі – белсенді Мұхтар Тайжан. Мемлекеттік кірістер комитеті Тайжан 2022 жылы 10 млн теңге, 2023 жылы 20 млн теңге кірісін ресми көрсетпегенін алға тартқан. Белсенді фейсбуктегі парақшасында болған жағдайды түсіндірді.
Оның сөзінше, Тайжанның әлеуметтік желілердегі (Инстаграм – 58,5 мың) оқырмандар саны көп болғандықтан, осы тізімге енгізген.
«Олар мен заңсыз жарнамамен айналысып жүр, салық төлемейді деп күдіктенді. Жеке банк карталарымдағы барлық ақша айналымын сұратқан. Оған қол жеткізген салық қызметкерлері төлемдердің барлығы жарнамалық қызметім үшін берілген деп есептеп, осындай сома шығарып тұр. Оның барлығы жеке аударымдар. Отбасылық, басқа банктерден менің есепшотыма түскен, менің депозитімнен аударған, банкоматтан қолма-қол ақша арқылы толтырылған қаражат және т.б.», – деп түсіндірді Мұхтар Тайжан.
Қазір ол салық органдары көрсеткен әрбір аударымға есеп беру үшін бір ай уақыты бар екенін айтып, солай жасағалы да отыр. «Мұндай тексерулерге сабырмен қараймын, бірінші рет өткелі тұрған жоқпын», – дейді белсенді фейсбук парақшасында.
Ләйлә Сұлтанқызы: Кәсіпкер ретінде тіркеліп, салығымды төлеп отырмын
Медиаменеджер, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызын 160 млн теңге табысын жасырған деп көрсетілген. Бірақ ол бұл айыпты мойындамайды. Соңғы бес жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды жұмыс істеп жатқанын айтады.
» Мен соңғы 5-6 жылда дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Бірақ бірден айтайын, менің айналымым мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы Қазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де (бухгалтер) растай алады», – деді ол өз парақшасында.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жалпы 600-ге жуық блогер 2022-2023 жылдары 53,3 млрд теңге табысын дұрыс көрсетпеген. Бұл қаражатты анықтау үшін камералдық бақылау жүргізіп, салық декларациялары тексерілген.
Енді блогерлер комитеттің хабарламасына қайта жауап беріп, қайта салық есебін тапсыру үшін 30 күн уақыты бар. Егер оны орындамаса, есепшоттары жабылып, тақырыптық салық тексеруілер тағайындалады.
Блогерлердің әрекетін кім бақылайды?
2023 жылы 10 шілдеде Қазақстанда «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң қабылданды. Оған сәйкес, блогерлер кәсіпкер ретінде тіркелетін болды. Парақшасында жариялайтын жарнама материалды белгілеп қоюы тиіс. Сол арқылы мемлекет блогерлердің табысын бақылап отырады, ал блогер-кәсіпкер әлеуметтік желідегі табысынан салық төлейтін болды.
2024 жылы елімізде 745 блогер ресми түрде тіркелген. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Youtube) оқырмандар саны 20 мыңнан асатын тұлғалар осы тізімге кірген. Олардың 499-ы жеке кәсіпкер, 246-ы жеке тұлға ретінде тіркелген.
Өткен жылдың 9 айында олар 1,2 млрд теңге салық төлеген.