
Батыс Қазақстан облысы Ұялы ауылының тұрғындары жерге құлап түскен дронды тауып алды. Мәліметті Бөкейорда ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов растады деп жазды CMN.KZ.
Аудан әкімінің айтуынша, қашықтан басқарылатын аппаратты жергілікті тұрғындар 18 ақпанда түнде көріп, бірден мемлекеттік мекемелерге хабарлаған. Дрон құлаған орынға мамандар келіп, ұшу аппаратын алып кеткен. Дрон апатынан ешкім зардап шекпеген.
Белгісіз ұшу аппараты
Бейресми мәліметтерге қарағанда, дронды Оралдағы әскерилерге тексеру үшін берген. Белгісіз аппарат ресейлік «Орлан-10» немесе франциялық «Crecerelle» дронына көбірек ұқсайды.
Бөкей ауданы тұрғындары үшін бұл оқиға таңсық емес. Жақын маңда Ресейдің Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2020 жылы мұнда зымыран қалдықтары, ал 2014 жылы метеорологиялық зымыранның бір бөлігі құлаған.
Осыдан бір күн бұрын, 17 ақпанда Каспий құбыр желісі консорциумының Ресей аумағында орналасқан бір станциясына жеті дрон шабуылдады. Владимир Путин дрондардың КҚК-ға шабуылын Украинаның «Еуропамен ақылдасып жасаған әрекетіне» ұқсатты.