Жаңалықтар

Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамын жік-жікке бөлді

Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамын жік-жікке бөлді/GETTY IMAGES

DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы халық арасында жүргізілген «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» сауалнамасының қорытындысын жариялады.

Қазақстандықтардың үштен бірі соғысты ақтайды

Зерттеу нәтижелері Ресей пропагандасының қазақстандықтардың қоғамдық пікіріне әлі де әсер ететінін көрсеткен. Ел азаматтарының 27,8%-ы Украинадағы соғысты Ресей пропогандасының негізгі тезистері арқылы қабылдайды:

  • 10,7%-ы Ресей Украинадағы нацистерге қарсы «арнайы әскери операция» жүргізіп жатыр деп сенеді.
  • 17,1%-ы бұл соғысты Ресейдің Батыс елдері мен НАТО-ға қарсы күресі деп ойлайды.

2022 жылы Кремльдің ұстанымын 33,2%, ал 2023 жылы 31,8% қолдаған.

Бюро бұл көрсеткіштің тұрақтылығын Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің осал екенін көрсетеді деп отыр.

Соғысқа қарсылар

Бюро соғысқа қарсы көзқарас та үш жыл ішінде айтарлықтай өзгермегенін айтады2025 жылы сауалнамаға қатысқандардың 24%-і Ресейдің мақсаты Украинаны басып алып, өзіне қосу екенін айтқан (2022 жылы – 22,1%, 2023 жылы – 28,4%). Сонымен қатар респонденттердің жартысына жуығы (48,2%) нақты жауап беруге қиналған.

Жас бойынша айырмашылық

Соғысқа көзқарас айырмашылығы  – азаматтардың жастарына байланысты әртүрлі. Ресейді ең көп қолдайтын топ – 60 жастан асқандар (37,7%), бұл 50-59 жас аралығындағы (17,3%) респонденттерге қарағанда екі есе, ал 30-39 жастағыларға (7,1%) қарағанда бес есе көп.

Ал Украинаны қолдау деңгейіне қатысты жас топтары арасында – 15,4%-тен 28,9%-ке дейін бірқалыпты өзгеріп отырады.

Соғыс нәтижесі

Соғыстың нәтижесіне қатысты көпшілік бейбіт келіссөздерді күтеді. Респондеттердің 57,4%-ның пікірінше, екі тарап басқа елдердің араласуымен ымыраға келеді. 11,8%-ы Ресей жеңеді, ал 4,7%-ы Украина жеңеді деп есептейді.

Бұған дейін Еуроодақ Украина аумағында үшінші жыл қатарынан басқыншылық соғыс жүргізіп жатқан Ресейге кезекті санкциялар пакетін мақұлдаған. Бұл жолы Ресейдің аллюминий өнеркәсібі және мұнай экспортына шектеу күшейе түспек.