«Самұрық-Қазына» қоры Қайрат Сатыбалдыдан қайтқан үш компанияға иелік ете бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Самұрық-Қазына» қоры үш компанияға иелік етеді/ Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының меншігіне Қайрат Сатыбалдыдан қайтқан үш компания толық өтті. Бұл туралы Қазақстан қор биржасындағы ақпаратта жазылған.

Әл-ауқат қоры 14 ақпаннан «Ақмолит» ЖШС, «Мархит» ЖШС және «Топаз – НС» ЖШС компанияларындағы 100% қатысу үлесіне иелік ететін болды.

Бұл компанияларды 2022 жылға дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдымен байланыстырған.

«Акмолит» ЖШС-ның 2023 жылғы аудиторлық қаржы есептілігінде (қаржылық есептіліктер депозитарийінде бұдан жаңа деректер жоқ) Үкімет 2022 жылдың сәуір айында аталған үш компаниядағы үлестерді «Самұрық-Қазына» орналастырған акцияларға төлем ретінде беретіні жазылған.

Сол жылдың тамыз айында «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымы – «Тау-Кен Самұрық» арасында мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы келісім жасалды.

Алайда белгісіз себептермен бұл мәміле жүзеге аспай қалған. Мұны Egov.kz порталының 2022–2024 жылдардағы мәліметтері де растайды, онда компаниялардың құрылтайшысы ретінде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті көрсетілген.

2023 жылдың қаңтар айының соңында «Тау-Кен Самұрық» компаниясының сайтында аталған үш фирманың уақытша басшысы ретінде Мұхаммедәлі Дербісәлиев тағайындалғаны жарияланды.

Компаниялардың бұрынғы иелері кім болған

2022 жылдың көктеміне дейін «Мархит», «Топаз-НС» және «Акмолит» компаниялары Қазақстанның тұңғыш президентінің немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының есімімен байланыстырылды.

Forbes дерегі бойынша, ол «Көлік қызметі орталығы» компаниясына иелік еткен және оны аталған үш ЖШС арқылы бақылауда ұстаған. Ал орталықты Сатыбалды Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген Bridge Capital Investments Limited компаниясы арқылы басқарылған.

Bridge Capital 2022 жылдың басына дейін «Мархит», «Топаз-НС» және «Акмолит» компанияларының құрылтайшысы болған.

Қайрат Сатыбалды мемлекетке жалпы 783 млрд теңгеге жуық актив қайтарған. Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар.

Сондай-ақ оқыңыз