Reuters: TikTok әлем бойынша қызметкерлерін жұмыстан босатып жатыр

Жарияланды 21 Ақпан 2025 10:35

(жаңартылды 21 Ақпан 2025 17:47)
Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Фото: shutterstock

Қайта құрылымдау бағдарламасының аясында TikTok компаниясы әлем бойынша қызметкерлерін жұмыстан босатып жатыр. Бұл қысқарту сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөліміне қатысты деп жазады Reuters өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, TikTok-тың операциялық директоры Адам Прессер 20 ақпанда қызметкерлерге жұмыстан босату туралы ескерту жазылған хабарлама таратқан. Сол күні Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Африкадағы ұжымдарда қысқарту басталды. Айта кету керек, желінің сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінде 40 мың қызметкер жұмыс істейді.

KursivMedia TikTok-тың Қазақстандағы кеңсесіне сауал жіберді, бірақ нақты жауап келмеді.

Қазір платформа төңірегіндегі дау әлі басылған жоқ. Президенттікке келген уақыттан бері Дональд Трамп бірнеше рет әлеуметтік желіні сатып алу туралы ниетін білдірді.

Осы айдың басында АҚШ президенті бір жыл ішінде елде әл-ауқат қорын құрып, TikTok-ты сатып алуы мүмкін екенін айтқан еді.

Қазақстанда депутаттар желіні шектеуді ұсынған. Саясаткер Жанарбек Әшімжанның мәліметінше, соңғы екі жылда TikTok-қа 14,1 млн қазақстандық тіркелген. Сервистің негізгі тұтынушысы – жастар мен жасөспірімдер.

Сондай-ақ оқыңыз