
Америкалық жазушы Стивен Кинг X әлеуметтік желісіне қайта оралып, Дональд Трамп пен Илон Маскті «есалаңдар» деп балағаттады.
«Мен қайтып келдім. Сағынып қалдыңдар ма?», – деп сұрады әйгілі жазушы.
X әлеуметтік желісінің қожайыны Илон Маск «шынымен сағынып қалдым» деп жауап берген.
Алайда Стивен Кингтің одан кейінгі твиті миллиардерді қуанта қоймағаны анық. Жазушы АҚШ президенті Дональд Трампты «сатқын», «есалаң» деп балағаттап, Маскті «одан екі есе өткен есалаң» деп тілдеді.
Миллиардер бұл жолы жазушы твитіне жауап қатқан жоқ.
Стивен Кинг 2024 жылғы қарашада, Трамп билікке келгеннен кейін, X әлеуметтік желісінен кететінін жазған. Жазушы бұған дейін де саясаткер мен миллиардерді жиі сынаған.
77 жастағы америкалық жазушы 2022 жылы Ресей әскері Украина аумағына басып кірген уақытта, кітаптарын федерация аумағында басуға рұқсат бермей қойған.