
Әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA1000 санатындағы Дубай (БАӘ) турнирінің жартылай финалына шықты. Қазақстандық тенисші Australian Open үздігін жарыс жолынан сүріндірді.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, ширек финалда қазақстандық теннисші 2020 жылғы Australian Open чемпионы, америкалық София Кенинмен (WTA 56) шеберлік байқасып, 6:2, 7:6 (7:2) есебімен жеңіске жетті. Ойын 1 сағат 25 минутқа созылды.
«Мен матчты өте жақсы бастадым, бірақ екінші сетте назарымды жоғалтып алдым. София – керемет теннисші, онымен ойнау әрдайым қиын. Ақырында, өз ойынымды таптым. Екі сетте жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын»— деді Рыбакина.
Енді Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Мира Андреевамен кездеседі. Ол осыған дейін «Үлкен дулыға» турнирлерінің бес дүркін чемпионы, әлемнің екінші ракеткасы Ига Швёнтекті сенсациялық түрде 6:3, 6:3 есебімен жеңген болатын.
Еске салайық, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Дубайда өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдегі алғашқы матчын жеңіспен бастаған еді.