
Алда көктем. Бір ғана Наурыз айынының өзі мерекеге толы. Бұл демалыс та көп болады деген сөз. Демалыс бірнеше күнге созылатындықтан, шетелге шығуды жоспарлауға да болады. Басты шығын, әрине, әуе билеті. Алайда шығынды қысқартудың да жолдары бар. Бүгінгі материалымызда арзан әуе билетін қайдан және қалай іздеуге болатыны туралы бірнеше кеңес береміз.
Ұшақ билетін арнайы сайттар арқылы іздеңіз
Ең әуелі арзан әуе билеттері салынып отыратын сайттарға кіру керек. Бұл сайттар жүйе арқылы сізге қажет бағыттағы ең арзан билетті тауып береді. Aviasales, Skyscanner секілді сайттарда қажет параметр бойынша арзан билеттер табуға болады.
Қалта көтеретін, арзандау саяхатты жоспаралауға Kiwi сайты да қолайлы. Бұл сайт тек Wizzair, Ryanair, EasyJet сияқты лоукостерлік компаниялардың билеттері бойынша нұсқалар ұсынады. Сонымен қатар сайт автоматты түрде ұшу шығыны арзанға шығуы үшін жолда ұшақ ауысып отыру нұсқаларын ұсынып, маршрутты өзі құрастырып береді. Әзірге нақты қай жаққа баратыныңызды білмей тұрсаңыз да, ештеңе таңдамастан, тек ең арзан билеттер бағанын шығартып та ала аласыз. Сайттың тағы бір қолайлы тұсы – осы. Осылайша, өзіңізге жаңа бағыт ашуыңыз да мүмкін.
Туристік операторлар мен ұшақ билеттерін жариялап отыратын каналдарға тіркеліп алыңыз
Туристік операторлар мен арнайы каналдардың хабарламасына жазылып алсаңыз, олар арзан нұсқа шыққан сәтте сізге хабарлама жіберіп отырады. Мысалы, сіз барғыңыз кеп жүрген бағытқа күтпеген жерден жеңілдік жарияланып қалса, каналдың хабарламасына жазылғаныңыздың арқасында бірден жақсы мүмкіндік аласыз. Мұндайда тек дереу сатып алу керек. Көп ойланбай, жылдам шешім қабылдайтындар үшін бұл керемет мүмкіндік.
Туристік операторлар мен әуе компанияларының хабарламасына тіркеліп алсаңыз, чартер билеттері жайлы да бірінші болып біліп отырасыз. Чартерлік рейстер де әдетте біршама арзан шығады. Себебі туристік операторлар ұшақтағы барлық орынды «көтерме» жүйемен сатып алады. Чартерлік рейс билеттері әдетте ұшуға бір-екі күн қалғанда жарияланады. Сондықтан осы нұсқа туралы ойлап жүрсеңіз, әуелден чемоданыңызды жинап қойған абзал.
Әуе компанияларының адалдық бағдарламаларына қосылып алыңыз
Әуе компанияларының адалдық бағдарламасы бойынша, сізге әр сапар үшін балл түсіп отырады. Белгілі бір сома жиналғанда, сол балдарды жаңа әуе билетіне жеңілдік ретінде қолдануға болады немесе ұзағырақ жинап, бір билет құнын шығарып алуға да болады. Ол үшін әуе компанияларының ресми сайттарына кіріп, арнайы бағдарламалары туралы іздеп көруге кеңес береміз.
Саяхатқа көршілес қаладан ұшыңыз
Билет іздегенде көрші қалалардан ұшқанда қалай боларын да қарастырып көріңіз. Мысалы, Түркияға Алматы немесе Астанадан ұшқаннан гөрі Түркістаннан ұшқан арзанырақ болуы мүмкін. Мажарстанға немесе Әзербайжанға Ақтаудан ұшқан тиімдірек болуы мүмкін. Мұндайда сол көрші қалаға жеңіл көлікпен немесе өзге де тиімдірек шығатын әдіспен жетіп алуға болады.
Билетті ертерек сатып алыңыз
Бұл, әрине, тиімді саяхаттаудың басты қағидаларының бірі. Алдын ала жоспарлағанды жақсы көретін адамдар біршама үнемдеп, ақшасы қалтасында қалады. Әуе билеттері маусымға қарай біршама қымбаттап жатады. Сондықтан көктемде жазғы демалыстың билеттерін алып қойған дұрыс. Ұшпастан 50-60 күн бұрын билет сатып алғандар – әрине, ұтады. Жалпы билет шығыны қалтаға шектен тыс салмақ салмас үшін ең кемі бір ай бұрын сатып алған абзалырақ. Мұндайда ескеруіміз керек басты қағида – ұшақта орын азайған сайын, билет те қымбаттай береді.
Әуе билетін аларда түнгі рейс болғанына назар аударыңыз
Билет сатып алғанда ұшатын күн – апта ортасы, ал сағаты кешкі және түнгі уақыт болғаны дұрыс. Кешкі және түнгі рейстер күндізгі және таңғы рейстерден арзанырақ. Сонымен қатар билетті қай уақытта сатып алғаныңыз да оның бағасына әсер етеді. Мысалы, билетті түнде немесе жұмыс күні басталмастан бұрын, таңертең ертемен брондап қойыңыз. Бұл уақытты баға төмендеу, таңдау да көбірек болады. Аптаның ортасы күндері ұшатын ұшақ билеттері арзандау. Ең арзандары әдетте сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндеріне келеді. Ал ең қымбат билеттер демалыс және мейрам күндеріне жоспарланған рейс билеттері.
Бірден бару-қайту билетін алыңыз
Саяхатты жоспарлағанда, барар жол билетін бір бөлек, қайтар жол билетін тағы бөлек алғанның орнына бірден бару-қайту билетін бірге алған тиімдірек. Білмеген болсаңыз, бұл кеңесті де түртіп алыңыз.
Байқағандарыңыздай, арзан бағаға саяхаттау аса қиын емес. Бастысы – сіз саяхаттауды қаласаңыз болғаны.
Айта кетейік, 2025 жылы 246 жұмыс күні, 106 демалыс күні және 13 мереке күнімен өтеді. Соның ішінде көктем мезгілі қазақстандықтар үшін демылысқа толы болмақ.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Мейрам сенбі күніне сәйкес келеді, сондықтан демалыс 10 наурыз (дүйсенбі) күніне ауыстырылады. Қазақстандықтар 8–10 наурызда үш күн қатарынан демалады.
Наурыз мейрамы (21–23 наурыз): бұл күндер жұма, сенбі және жексенбіге түседі, сондықтан мереке күндері 24 және 25 наурыз (дүйсенбі, сейсенбі) күндеріне ауысады. Қазақстандықтар бес күн қатарынан (21–25 наурыз) демалады.