
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми дүйсенбі күні Ресейге қарсы жаңа ірі санкциялар пакетін жариялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлады ITV News телеарнасы.
«Ертең мен қақтығыс басталғалы бері Ресейге қарсы ең ауқымды санкциялар пакетін жариялауды жоспарлап отырмын. Бұл санкциялар оның әскери машинасын әлсіретіп, Украинада қырып-жою отын тұтандырып отырған табысын қысқартады», – деп келтірді телеарна министрдің сөзін.
Лэмми санкциялар пакеті қай салаларды қамтитынын ашып айтпады.
«Украинасыз Украинаға қатысты ештеңе болмайды»
Хабарламада АҚШ Ресеймен қақтығысты тоқтату бойынша келіссөздер бастағаны, бірақ Киевті бұл процестен шеттеткені айтылған.
Осыған байланысты Лэмми Лондон «АҚШ және еуропалық әріптестерімен бірге ұзақ мерзімді, әділетті бейбітшілікке қол жеткізу үшін жұмыс істейтінін, алайда Украинасыз Украинаға қатысты ештеңе бола алмайтынын» атап өтті.
«Бейбітшілікке күш арқылы жету»
Ол қазіргі сәтті «Украина, Ұлыбритания және бүкіл Еуропа тарихындағы шешуші кезең» деп сипаттап, Украинаға қолдауды «екі есеге арттыру» және «бейбітшілікке күш арқылы жету» қажет екенін айтты.
«Ұрыс даласында біз (Лондон – ред.) Украинаға ең тиімді жағдай жасау үшін жылына 3 миллиард фунт стерлинг көлемінде әскери қолдау көрсетуді жалғастырып, қажет болған жағдайда Ұлыбритания әскерін бітімгершілік күштер құрамына енгізуге дайынбыз», – деп мәлімдеді ол.
Телеарна Лэммидің мәлімдемелеріне түсініктеме бере отырып, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің алдағы аптада Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескенде, Украинаға қолдау көрсету мен АҚШ-пен қарым-қатынасты сақтаудың арасында тепе-теңдікті табуда қиындықтарға тап болатынын атап өтті.
Айта кетейік, Украинадағы соғысты тоқтатуға байланысты АҚШ пен Ресей дипломаттары Еуропаның, бастысы Украинаның қатысуынсыз кезекті рет келіссөздер үстеліне отырғалы жатыр. Кездесу 25 қаңтар күні Саудия астанасында өтеді деп жоспарланып отыр.