
«Бәйтерек» холдингі 2024 жылы 416 млрд теңге таза пайда алған. Ал активтері 14,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 млрд теңгеге артық (+2%), ал активтер 4%-ға өсті. Холдинг активтерінің рентабельділік көрсеткіші (ROA) 3%-ды құраған.
«Бәйтерек холдингі» қандай жобаларды қаржыландырды?
«Бәйтеректің» еншілес ұйымы – Қазақстанның Даму Банкі 21 инвестициялық жоба және 35 экспорттық операцияны қаржыландырған. Жалпы сомасы 1,46 трлн теңгеге 4 банктік кепілдік берілді. Сонымен қатар 28 инвестициялық нысан іске қосылып, 500-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорны қаржылай қолдау алды.
2024 жылы АӨК қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеден асып, 17 740 ауыл шаруашылығы өндірушісі қолдау алды. 43 инвестициялық жобаға 14,7 млрд теңге бөлініп, бұған дейін басталған 16 жобаның жаңғыртылуы аяқталды. 321,5 млрд теңге көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бағытталып, 6,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері өңделді. 2025 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру үшін 100 млрд теңге қарастырылды.
Экспортқа бағытталған өндірістерді қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеден асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 53%-ға артық.
Жалпы алғанда қаражат квазимемлекеттік секторға жатпайтын 58 мың жеке компания мен ұйымға жұмсалды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде 6 мыңнан аса жұмыс орны ашылды.
Қазақстанның Даму Банкі 35 экспорттаушыға 678,5 млрд теңге бөлсе, Экспорттық-кредиттік агенттік 96 экспорттаушыға 367,6 млрд теңге көлемінде сақтандыру және қаржылық қолдау көрсетті. Инвестициялардың негізгі бағыттары металлургия (62%) және тамақ өнеркәсібі (22%) болды, бұл экспорттық әлеуетті арттыруға және шикізаттық секторға тәуелділікті төмендетуге ықпал етті.
2024 жылы «Бәйтерек» холдингі шетелдік серіктестермен 50-ден астам келісімге қол қойған.
2023 жылдың таза пайдасы қандай?
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды.
«Бәйтерек холдингі» 2023 жылы 407,6 млрд теңге таза пайда тапқан болатын. Ұйым 2023 жылғы таза пайдасының 30,95 пайызы – 126,16 млрд теңгені мемлекеттік акциялар пакетіне дивиденд ретінде төледі. Ал таза пайдасының 281,48 млрд теңгесі холдингтің иелігінде қалды.