
Егер қолжетімді бағада Алматыдағы арзан пәтер іздеп жүрсеңіз, Kursiv.Media-ның осыған қатысты шолуын ұсынамыз. Krisha.kz сайтын ақтарып, арзан пәтерлерді іздеп көрдік.
Айта кету керек, қолжетімді пәтерлердің басым көпшілігі – әрлеусіз, жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Ал кейбірі осы жылдың екінші не үшінші тоқсанында ғана қолданысқа беріледі немесе көлікке айырбастауға да болады.
Арзан бір бөлмелі пәтерлер
«Шұғыла» ықшам ауданынан 38 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер

Бағасы – 14 млн теңге, Орда Таун кешені
Ерекшелігі – пәтер иесі 6 млн 300 мың теңгесін қолма-қол сұрайды. Ал қалған 7 млн 700 мың теңгесін құрылыс компаниясына бөліп төлеу керек.
Қабаты – 9 қабатты кешеннің екінші қабаты
Бұл кешеннің құрылысына Investment Stroy атты құрылыс компаниясы жауапты. Кешен 2025 жылы қолдануға беріледі.
Көкжиек ықшам ауданынан 43 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер

Бағасы – 15 млн теңге
Ерекшелігі – пәтер иесі 3 млн 500 мың теңгесін қолма-қол сұрайды. Ал қалған соманы ипотекаға рәсімдеуге немесе бөліп төлеуге болады.
Қабаты – 9 қабатты кешеннің төртінші қабаты
Kokjiek City тұрғын үй кешені 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Алатау ықшам ауданындағы 38,4 шаршы метр бір бөлмелі пәтер
Бағасы – 17 млн 900 мың
Ерекшелігі – бұл пәтер иесі қолма-қол 5 млн 500 мың сұрайды. Қалған 12 млн теңгеден аса қаржыны құрылыс біткенге дейін бөліп төлеуге болады.
Қабаты – 9 қабатты үйдің тоғызыншы қабаты
Алматыдағы арзан пәтердің бірі Alatau Plus тұрғын үй кешенінде орналасқан. 2025 жылы күзде пайдалануға беріледі.
Арзан екі бөлмелі пәтерлер
Алтын Ордадан 60 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер

Бағасы – 24 млн теңге
Ерекшелігі – пәтерді сатады немесе көлікке айырбастауға болады. Бастапқы 20% жарнасын ипотекаға құйған. Қазір банкке 19 млн теңге төлеуі керек. Пәтер иесіне 5 млн теңгесін беріп немесе соған сай көлікке ауыстыруға болады.
Қабаты – 10 қабаттың алтыншы қабатында орналасқан
Аталған пәтер Abai City тұрғын үй кешенінде орналасқан. 2024 жылы пайдалануға берілген, әрленбеген. Жөндеу жұмыстары жүргізілмеген пәтер.
Алатау трассасындағы 62,2 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер
Бағасы – 24 млн теңге
Ерекшелігі – пәтер иесі қолма-қол ақшамен 5 млн теңге сұрайды. Бұған пәтерді рәсімдеу де кіреді. Қалған 19 млн теңгесін 7-20-25, «Отау«, «Наурыз» деген ипотекалық бағдарламалармен немесе Freedom Bank арқылы алуға болады.
Қабаты – 7 қабаттың бесінші қабатында орналасқан.
Пәтер Buta Flame тұрғын үй кешенінде. Айналасында мемлекеттік және жекеменшік мектептер, балабақшалар бар. Aport East Mall, Halyk Arena, Magnum тәрізді сауда орталықтары жақын. Үй әрленбеген. Пәтерде жатын бөлмеден бөлек гардероб және зат сақтауға арналған қойма да жоспарланған.
Арзан үш бөлмелі пәтерлер
Түрксіб ықшам ауданындағы 74 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтер
Бағасы – 34 млн теңге
Ерекшелігі – пәтер иесі жалпы бағаның 12 млн теңгесін қолма-қол беруін сұрайды. Ал 21 млн теңгесін ипотекаға рәсімдеуге болады.
Қабаты – жеті қабатты үйдің жетінші қабаты
Алматыдағы арзан пәтер деуге лайық үй «Жеті Қазына» кешенінде орналасқан. Halyk Arena, Aport Mall East сауда орталықтары, фитнес орталықтары жақын. 2025 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.
Бостандық ауданынан 80 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтер
Бағасы – 50 млн теңге
Ерекшелігі – пәтер кілті осы жылы сәуірде беріледі, әрленбеген. Комфорт санаттағы пәтер.
Қабаты – 14 қабаттың жетінші қабатында
Пәтер «Rams City» тұрғын үй кешенінде. Жақын маңайда мектеп, балабақша, демалысқа арналған бульвар бар.
Пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салуы мүмкін
Байқағандарыңыздай, Алматыдағы арзан пәтер иелері үйді қолма-қол ақшаға сатып алуды ұсынады. Бірақ бұл жағдай өзгеруі мүмкін.
Жақында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жүргізетін Taldau Talks подкастында пәтер сатып алу – сату мәселесі талқыланды. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қолма-қол ақшаға пәтер сатуға тыйым салмақшы екенін хабарлады.
«Әрбір тұрғын үй кешені – жеке ЖШС. Негізгі компания бренд ретінде жұмыс істейді, ал барлық пәтерлер ЖК арқылы сатылады. Сондықтан Салық кодексінің аясында осы мәселені шешетін боламыз. Құрылыс компаниясы [пәтерді – ред.] B2C ретінде сатуы керек және қолма-қол ақшасыз төлемге», – деді Жұманғарин.
Министрдің сөзінше, құрылыс сферасын тәртіпке келтіру қажет және ол үшін Үкімет үлкен сомадағы инвестиция салып жатыр.