
Қазақстанда бензин бағасы болашақта кем дегенде Ресейдегі деңгейге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы брифингте энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Журналистер министрден бензин бағасын реттеу күшін жойғаннан кейін баға қандай деңгейге дейін өсетінін сұраған.
Сәтқалиевтің айтуынша, мемлекеттік реттеудің күшін жою бағаның шекті деңгейін мемлекет белгілемеуі үшін жасалған. Баға нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты реттеледі. Сондай-ақ, оған мұнай-газ инфрақұрылымына салынатын инвестиция мен жанармай құю стансаларының шығындары сияқты көптеген факторлар әсер етеді.
«Тәжірибеге сүйенсек, егер бұл нарықты өтпелі кезеңде қандай да бір реттеу шараларынсыз толықтай еркіндікке жіберсек, баға көршілес елдердегі деңгеймен теңесуі керек. Солтүстікте – Ресеймен, ал оңтүстікте Орталық Азия елдерінің бағасына жақындайды», – дейді Сәтқалиев.
Сонымен қатар, министр мемлекет әлеуметтік жағдайды қадағалай отырып, реформа нарықты тұрақсыздандырып жіберуіне жол бермейтінін атап өтті.
«Баға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бақылауымен біртіндеп өсетін болады. Мен сіздерге индикаторды айттым. Белгілі бір ақылға қонымды кезең ішінде баға кем дегенде Ресей деңгейіне дейін теңеседі», – деді Сәтқалиев.
Еуразиялық экономикалық комиссияның деректеріне сәйкес, 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстанда бензиннің бір литрі орташа есеппен 202,8 теңге, Ресейде – 302,9 теңге, Беларусьте – 362,1 теңге, Қырғызстанда – 382,1 теңге, Арменияда – 695,6 теңге болған. Жарияланған бағалар АҚШ центімен есептелген.
30 қаңтардан бастап Қазақстанда бензин мен дизель отынына мемлекеттік баға реттеу күшін жойған. Содан бері бензин бағасы біртіндеп өскен.