
Депутат Ерлан Саиров лотерея ойнатып, курс сатып жүрген коучтарға салық төлеуді міндеттеуді, ал салық органдарына блогерлерге арнап түсіндіру сабақтарын өткізуді ұсынды.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде коуч-инфлюенсер деп аталатын онлайн лотерея ұйымдастырушылардың заңсыз әрекеттері жиілеп кетті. Олар билеттер мен түбіртектер, туристік пакеттер, құрал-жабдықтар, зергерлік бұйымдар, сәнді жылжымайтын мүліктер мен автокөліктер сатамыз деген желеумен заңсыз лотерея ойындарын өткізеді. Мұндай гивтер мен акциялар заңсыз», – деді депутат.
Айтуынша, соңғы бір жылда лотерея мен бағалы жүлделердің ұтыс ойындарын заңсыз ұйымдастыруға қатысты 106 жағдай тіркеліп, 46 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Бірақ соған қарамастан, әлеуметтік желіде заңсыз лотерея ұйымдастыру жағдайлары азаймаған.
Халық алдында мақтанатын блогерлер
Сонымен бірге депутат кейбір блогерлердің халық алдында әдейі салтанатты өмірін көрсетіп мақтанатынын, адамдарға ақша табу оңай деген ой салатынын айтады. Бірақ олардың біразы салтанатты өмір сүргенімен салық төлеуге келгенде, заңнан жалтаратын жағдайлардың да жиі кездесетінін атап өтті.
«Қаржы министрлігінде аталған азаматтардың тиісті салықты төлеуіне қатысты заңды сұрақтар туындап отыр. Әркім салық төлеуі керек. «Заң қатал, бірақ заңның аты заң» деген қағида барлық азаматтарға қатысты! АҚШ, Англия және Қытайда контент жасаушылар өз қызметінен алған табысынан салық төлеуге міндетті. Бұл елдердегі салық ставкалары прогрессивті және 40% дейін жетуі мүмкін», – дейді Саиров.
Депутат ұсынысы
Депутат блогерлердің табысына қатысты болған соңғы оқиғада кімнің-кім екені белгілі болып, кімнің кәсіби дәрежеде әрекет ететіні айқындалғанын айтты. Мұнда Саиров салық органдары жариялаған кірісін жасырған блогерлер тізімін меңзеп отыр. Ондағы мәліметке сәйкес 600-ге жуық блогер 53 млрд теңге кірісін дұрыс көрсетпеген. Бұл тізімде өз есімін тапқан блогерлер табысын жасырмағанын, заң аясында жұмыс істегенін айтып ақталды.
Осы орайда депутат мынадай ұсыныс жасаған:
- Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау қажеттілігі мәселесі бойынша блогерлер арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
- Сәйкессіздіктер мен адасушылық болмас үшін блогерлердің кірісін кәсіпкерлік қызмет ретінде жіктеудің нақты критерийлерін әзірлеу;
- Заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізуге жол бермеу.