Банк пен қаржы

«ҚазМұнайГаз» 2024 жыл үшін 350 млрд теңге дивиденд төлеуі мүмкін

«ҚазМұнайГаз» 2024 жылы қанша дивиденд төлейді / Фото: ҚМГ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2024 жыл үшін акционерлерге рекордтық 350 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеуді жоспарлап отыр. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиевтің айтуынша, бұл компанияның қаржылық тұрақтылығы мен табыстылығын айқындайтын көрсеткіш.

Ұлттық компания 2024 жылы өндірістік және қаржылық көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Мұнай өндіру көлемі 23,8 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 300 мың тоннаға артты. Сонымен қатар табиғи және ілеспе газ өндіру көлемі 9,55 млрд текше метрге жетті, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 11,1 млрд текше метрге дейін жетпек.

ҚМГ-ның мұнай тасымалдау көлемі 83,5 млн тоннаға жетіп, 4%-ға өсті. Мұнай өңдеу зауыттарында 18,2 млн тонна мұнай өңделді, бұл да жоғары көрсеткіштердің бірі.

2025 жылға компания өндірістік көрсеткіштерін одан әрі жақсартуды жоспарлап отыр. Мұнай және газ өндіру көлемін арттыру, геологиялық барлау жұмыстарын күшейту және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу бағытында жұмыстар жалғасады.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары былтыр 25%-ға өскен.

Төленген дивиденд мөлшерін ескерсе, акцияның табыстылығы 30%-ды құраған. «ҚазМұнайГаздың» нарықтағы қазіргі капиталы 8,8 трлн теңгеге жеткен.