Tele2 операторы қызметкерлерінің алаяқтарға көмектескенінен хабарсыз

Жарияланды
Tele2 қызметкерлері
Tele2 операторы өз қызметкерлерінің алаяқтарға көмектескеніне қатысты ақпаратты прокуратурадан нақтылайтынын хабарлады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Tele2 операторы өз қызметкерлерінің алаяқтарға көмектескенінен хабарсыз екенін, ақпаратты анықтау үшін прокуратураға жүгінгенін хабарлады. Бұл туралы компанияның KursivMedia редакциясының сауалына берген жауабында айтылған.

Оператор жауабы

2025 жылдың 25 ақпанында Бас прокуратура Beeline, Tele-2 қызметкерлері алаяқтарға көмектесіп, олардың атына SIM карталарын тіркегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы хабарлады. Бұл ақпараттың анық-қанығын білу үшін редакция екі ұялы байланыс операторына да сауал жолдаған. Beeline компаниясы жауап беріп, бұл ақпаратты нақтылайтынын жеткізді. Ал «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС бұл оқиғаға қатысты толық ақпаратты прокуратурадан сұратып жатқанын мәлімдеді.

«Tele2/Altel брендтеріне иелік ететін «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС-де қызметкерлердің SIM карталарын тіркеу арқылы алаяқтар көмектескені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы ақпарат жоқ. Компания қызметкерлері бұл факті бойынша жауапкершілікке тартылған емес. БАҚ-та жарияланған ақпаратты тексеру үшін компания прокуратураға жүгінді», – делінген жауапта.

Құзырлы органдармен ынтымақтастық

Tele2 операторы өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сай жүргізетінін хабарлады. Сонымен бірге алаяқтыққа жол бермеу мақсатында құзырлы органдармен бірлесе жұмыс жүргізетінін мәлімдеген. Мәселен, 2022 жылдан бастап компания киберқылмыспен күресу үшін прокуратурамен, экономикалық тергеу қызметімен тұрақты негізде белсенді жұмыс жүргізе отырып, ұялы байланыс операторының техникалық схемасын заңсыз мақсаттарда пайдалану жағдайларын анықтауға көмектескен.

«Tele2/Altel операторы өз қызметкерлерінің SIMBOX жабдығын пайдалану мәселелеріне қатысты құзырлы органдарға сарапшы ретінде шақыртылады», – деп хабарлайды компания.

Алаяқтарға кімдер көмектескен?

Бас прокуратура Beeline және Tele2 операторларының қызметкерлері алаяқтарға көп мөлшерде SIM-карталар тіркеуге көмектесіп, қылмыскерлерге халықты алдауға жол берген деп айыптап отыр. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап осындай қылмыспен байланысты 71 факті тіркелген. Бұл қылмыстық істе микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларының және екінші деңгейлі қызметкерлерінің қатысы бар екенін айтылады.

Сондай-ақ оқыңыз