Жаңалықтар

Олжас Бектенов: BI Group, BAZIS секілді ірі компаниялар салықтан жалтарған

Олжас Бектенов салықтан жалтарған кәсіпкерлерге екі апта уақыт берді / фото: primeminister.kz

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов салықтан жалтарған ірі компаниялардың толық тізімі барын айтып, BI Group пен BAZIS құрылыс компанияларын атады.

Үкімет басшысы бүгін вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен, қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді. Олар салық-бюджет реформасы, салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелерін талқылады.

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді.

Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар», – деп мәлімдеді үкімет басшысы.

Бектенов ультиматумы

Премьер-министр салық төлеуден жалтарғандарға екі апта уақыт беріп, талап орындалмаған жағдайда «соңы қиын болатынын» ескертті. Ол ірі компаниялар иелері мен басшыларына қарата сөйледі:

«Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын.

Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурсты қолдану құқығын өзіне қалдырады.

Мұның соңы қиын болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға дайын болса, біз диалогқа дайынбыз», — деді Олжас Бектенов.

Кеше президентпен кездессе, бүгін премьер сынына ұшырады

Қазақстандағы ең ірі құрылыс компанияларының бірі – BI Group-ты кәсіпкер Айдын Рахымбаев басқарады. Қазақстандық Forbes оның байлығын 886 млн доллар деп бағалаған. Үш апта бұрын Рахымбаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерімен кездесуіне қатысқан.

Жақында Айдын Рахымбаев президенттің Ақордада ірі кәсіпкерлермен кездесуіне қатысты / фото: Ақорда

2024 жылы Айдын Рахымбаевқа тиесілі компаниялар мемлекеттен қомақты тапсырыс алғанын Kursiv.Media жазды.

Миллионер Белович мемлекеттен миллиардтар алып отыр

«Базис-А» холдингінің негізін қалаушы Александр Белович Қазақстандағы ең танымал бизнесмендер тізіміне кіреді. 2024 жылы кәсіпкердің дәулеті 745 млн доллар деп бағаланған.

Белович басқаратын компания да мемлекеттен қыруар қаржы алып отыр. Мәселен, «BAZIS Construction» ЖШС Алматы қаласы метрополитеніндегі «Қалқаман» бекетінің құрылысына жауапты.

Ірі келісім 2020 жылы жасалған. Компания құрылысты 3 жылға жетпей аяқтауы тиіс болған. Содан бері бес жыл өтті, бірақ «Қалқаман» әлі ашылған жоқ. Соған байланысты Белович екі апта бұрын ғана парламент депутатының сынына ұшыраған.