
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов салықтан жалтарған ірі компаниялардың тізімі барын мәлімдеп, олардың қатарында BI Group пен BAZIS-ті атады. Алайда екінші компания салық төлемес үшін бизнесті «бөлшектегенін» жоққа шығарып отыр.
«Бізде салық міндеттемесін толық орындамайтын ірі компаниялардың тізімі бар. Олардың қатарында BI Group, BAZIS және басқа да құрылыс компаниялары, сондай-ақ мейрамханалар, фитнес-клубтар және өзге де бизнестің өкілдері бар», – деді Бектенов.
BAZIS-тің Бектенов сынына жауабы қандай?
BAZIS компаниялар тобы Қазақстан құрылыс нарығында 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп және бүкіл салық міндеттемелерін толық әрі уақтылы орындап келгеніне назар аударған.
«Біздің компания – құрылыс саласындағы ең ірі салық төлеушілердің бірі. Бүкіл салығымызды заңға сәйкес уақытылы төлеп келеміз. Біз салық заңнам қатаң сақтаймыз және мемлекетпен ашық диалог жүргізуге дайынбыз», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Құрылыс компаниясы бизнесті жасанды түрде бөлшектеу арқылы салықтан жалтарды деген айыпты жоққа шығарды.
«Компания құрылымындағы еншілес ұйымдар бизнесті бөлшектеу үшін емес, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының талаптарына сәйкес құрылған. Бұл заң әрбір жаңа тұрғын үй кешені үшін бөлек заңды тұлға құруды міндеттейді, біз осы норманы қатаң сақтаймыз», – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.
Премьер-министрдің ультиматумы
Олжас Бектенов салық міндеттемелерін орындамаған компанияларға екі апта уақыт беріп, қосымша декларация тапсыруды талап етті.
«Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға қосымша салық төлеу қажеттілігі туралы хабарлама келеді. Егер талап орындалмаса, мемлекет өзіне барлық заңды ресурсты пайдалану құқығын қалдырады. Мұның соңы қиын болады», – деп ескертті премьер-министр.
Бұл компаниялардың иесі кім?
Бектеновтың сын садағына іліккен компанияның бірі – BI Group-тың негізін қалаушы Айдын Рахымбаев Forbes рейтингіне енген миллиардер. Ол жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге қатысқан.
BAZIS холдингінің негізін қалаушы Александр Белович те еліміздегі танымал бизнесмендердің қатарында. Оның компаниясы Алматы метросындағы «Қалқаман» бекетінің құрылысын жүргізіп жатыр, алайда жоба мерзімі бірнеше рет кешіктірілді. Бұл мәселе жақында парламентте көтеріліп, ол да сынға ұшыраған болатын.