
Қаржы министрі Мәди Такиев шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған арнайы салық режимдерін кейбір компаниялардың орынсыз пайдаланатынын анықтаған. Бұл туралы министр премьер-министр Олжас Бектеновтің басшылығымен өткен кеңесте айтты.
Жүздеген миллиард теңге табыс тауып, аз салық төлейді
Айтуынша елде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 137 мыңы яғни 8%-ы ҚҚС төлейді екен. Ал 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді. Соның ішінде 85% салық төлеуші компания 15 млн теңгеге дейінгі кірістерін ашып көрсетеді. Бұл компаниялардың нақты кірісісн анықтау мақсатында Қаржы министрлігі олардың есеп айырысу статистикасын тексерген. Нәтижесінде, есеп айырысу көлемі 5 трлн теңгеден 10 трлн теңгеге дейін жеткен.
«Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», – дейді Такиев.
Бұл компаниялар қандай схемамен жұмыс істейді?
Министр салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін компаниялар «құжаттық» шығындарды арттыру принципін ұстанатынын айтады. Мәселен, ірі компания тауарларды сатып алады да, ол тауарды оңтайландырылған режимде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құнымен сатады. Бұдан шығатын нәтиже мынадай: бірінші компания шығынды көрсетеді. Ал екінші компания жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарады.
Екінші схема
Ірі компаниялар пайдаланатын екінгі тәсіл – бизнесті бөлшектеу. Ірі компаниялар салықтан жалтару мақсатында бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөліп тастайды. Мәселен, бір мекемеде асхана, бар және караоке бар. Бірақ олардың әрқайсысы үш түрлі жеке кәсіпкерге тіркеледі. Сонымен бірге бір қонақ үйді әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге бөлінеді. Ал олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылып, орнына басқа заңды тұлға келеді. Солайша, ҚҚС төлеуден жалтарады.
Еңбек нарығында қандай схема қолданылады?
Такиевтың айтуынша, жұмысшыларды ресми түрде штатқа тіркемей, жеке кәсіпкерлік ашқызып, қызметін сатып алушы ретінде ретінде жұмыс істейтін компаниядар да көп.
«Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Олар бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», — дейді министр.
Бұл мәселе қалай шешіледі?
Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру үшін бизнесті бөлшектеу талаптарын қатайтуды ұсынып отыр. Бұл мақсатта мынадай шаралар қолданылмақ:
- бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;
- нысанның салық даулары мәнінен басым болу принципін енгізу;
- мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
- жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.
Түрлі тәсілдер тауып салықтан жалтаратындар арасында атақты BI Group пен BAZIS компаниялары да бар. Премьер-министр Олжас Бектенов кеңес барысында бизнеске ескерту жасап, мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға шақырды. Бұл компанияларға үкімет басшысы екі апта ғана уақыт берді. Мұндай болмаған жағдайда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне алатынын жеткізді.