
Заманауи технологиялар дамыған сайын жасанды интеллектіні күнделікті өмірде қолданатындардың қарасы да көбейіп келеді. Дегенмен ЖИ-ден өзіңіз қалаған жауапты алу үшін оған дұрыс тапсырма бере алуыңыз керек. Әйтпесе, жалпылама не сапасы төмен жауап келуі әбден мүмкін. Олай болса, сұраныс һәм промптты қалай дұрыс жазу керегіне қатысты нұсқаулыққа назар салыңыз.
Промпт деген не және ол не үшін керек?
Промпт (ағылшынша «prompt» – сұраныс) – жасанды интеллектіге бағытталатын мәтін не аудио түріндегі сұраныс. Промпт қалай жасалса, жауап та соған сай болады. Былайша айтқанда, нейрон желісінің жұмысына бағыт беретін тапсырма десек болады. Неғұрлым нақты әрі түсінікті қылып жаза алсаңыз, соғұрлым дәл әрі сапалы жауап ала аласыз. Біреу мәтін генерациялау үшін, біреу код жазу үшін, енді бірі тіпті музыка жазу үшін жасанды интеллектіні қолданады. ChatGPT, Midjourney, DALL·E, DeepSeek және басқа да модельдердің қолданушысы күннен күнге көбейіп келеді.
Промптты қалай дұрыс жазу керек?
Нәтижесі көңілден шығуы үшін промпт жазарда бірнеше қағиданы қатаң ұстану керек. Мысалы:
Сұраныс нақты әрі дәл болсын
Айтқандай, неғұрлым керегіңізді анық жазсаңыз, соғұрлым дәл жауап бреді. Айталық былай:
- «Технологиялар тарихы туралы айтып берші» десеңіз, шашыраңқы жауап аласыз.
- Ал енді «ұялы телефондардың танымал модельдерінің тарихын қысқа әрі қызық қылып айтып берші» десеңіз, жауабы көңілден шығады.
Мәтінге мән беріңіз
Егер промптта мәнмәтін (контекст) болмаса, жасанды интеллект жауабын тым шашыратып жіберуі мүмкін. Мәселен:
- «Палау басуды үйретші» десеңіз, бұл тым жалпылама сұраныс болады.
- Оның орнына «4 адамға, қой етінен өзбек палауын қалай басу керегін айтып берші» деген жақсырақ.
Қандай форматтағы жауап керегін айтыңыз
Егер сізге белгілі бір стиль не форматта жазылған жауап қажет десеңіз, оны міндетті түрде айтыңыз.
- «Жаңадан бастап жатқандарға арнап сайт жасауды үйрететін нұсқаулық дайындап берші».
- «Жауабын кестеге салып берші».
- «Саяхат туралы пост жазып берші, 50 сөзден тұруы керек».
Үлгі бар болса, көрсетіңіз
Өзіңізге не керегін үлгі һәм мысал түрінде көрсетсеңіз, жасанды интеллект сізді жақсырақ түсінеді. Мысалы:
- Өнімнің сипаттамасын мынадай стильге салып жазып берші: «Жұмысқа да, ойнауға да арналған өзі жеп-жеңіл, бірақ қуатты ноутбук».
Егжей-тегжейлі айтыңыз
Әсіресе сурет генерациялайтын кезде нақтылауыңыз керек болады:
- «Роботтың суретін сал. Киберпанк стилінде, түнгі қаланың фонында, неон оттар қос»»
- «Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін компанияның логотипін салып бер, минимализм стилінде болсын».
Сәтті промпттар үлгісі
Мәтін жазуға:
- «Жапонияны аралауға арналған туристік қызық маршрут құрастырып бер. Мәдениетіне ерекше мән бер»
- «Электроника сататын интернет-дүкеніне арнап өтімді мәтін жазып бер. Міндетті түрде copywriting техникасы қолданылуы керек».
Суретке:
- «Ұшып жүрген автокөліктері бар футуристік қаланың суретін салып бер, киберпанк стилінде болсын».
- «Отбасымен саябақта отырғандардың суретін салып бер, акварельмен салынған стильде болсын».
Бағдарламалауға:
- « Python-да сайттағы жаңалықтар автомат түрдн парсиң жасалатындай скрипт жазып бер».
- «Кейінгі 30 күнде тіркелген қолданушылар таңдап алынатындай SQL-сұраныс жасап бер».
Промпт жазғанда жиі кететін қателер
- Сұраныс тым жалпылама болады. Соның кесірінен жауабы шашырайды.
- Кереғар нұсқаулар болса, жасанды интеллект сізге не керегін білмей, шатасуы мүмкін.
- Құрылымын көрсетпесеңіз, жауабын дәл интерпретациялауға қиналады да, хаос болады.
Промптты қалай жақсартуға болады?
Егер сұраған нәрсеңізге қол жеткізе алмасаңыз, онда дамытып, жақсарту үшін тағы да тапсырма бере аласыз.
- Сұранысты нақтылап, егжей-тегжейлі дерек қосыңыз.
- Логикалық тұрғыдан түсінікті қылып қайта тапсырма беріңіз.
- Нұсқау беріп, үлгі қосып жауапты дұрыстауын сұраңыз.
Промптты сәтті жазуға көмектесетін техникалар
Рөл беріңіз
Айталық сізге белгілі бір мәнерде жазылуы керек делік. Ондай кезде жасанды интеллектіге рөл беріп қойыңыз.
- «Өзіңді тәжірибелі қаржыгермін деп есепте. Енді қор нарығы қалай жұмыс істейтінін қарапайым тілде түсіндіріп бер. Баланың өзі түсінетіндей болсын».
- «Сен — технологиялар туралы жазатын журналиссің. Кейінгі шыққан бәлен деген смартфонға шолу жазып бер».
Сұранысты бірнеше бөлікке бөліңіз
Кей сұраныстарды жақсарту үшін бірнеше бөлікке бөлу керек болады.
- «Алдымен мына смартфонның басты ерекшеліктерін жазып бер. Содан кейін осы ерекшеліктерді көрсете отырып жарнамалық мәтін жаз».
- «Жасанды интеллект туралы постқа 5 идеяны ойластырып бер. Содан кейін ең қызығын таңдап ал да, жазуға кіріс».
Кодиңді оңтайландыру керек болса, есте ұстайтын тұсы
Егер сіз код генерациялауға промпт жазғыңыз келсе, онда бағдарламалау тілін, контексін, кітапханасын көрсетуіңіз керек.
- « Python-да BeautifulSoup қолдана отырып HTML-беттерге парсиң жасайтын скрипт жасап бер».
- « JavaScript-те объектілерді күніне қарай сорттайтын функция жазып бер».
Еске сала кетсек, бұған дейін AI мен ML қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін кітаптарға шолу жасаған едік. Жасанды интеллект туралы үздік 8 кітаптың тізімімен осы жерден таныса аласыздар.