Жаңалықтар

Наурызда Қазақстанда қандай заңдар күшіне енеді

Наурызда Қазақстанда қандай заңдар күшіне енеді
Наурызда Қазақстанда қандай заңдар күшіне енеді / Фото: shutterstcok

2025 жылдың наурыз айында Қазақстанда заңнамаға бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Елге заңсыз әкелінген смартфондар бұғатталып, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қатаң жазаланады. KursivMedia қазақстандықтарды заң алаңында қандай өзгерістер күтіп тұрғанына тоқталады.

Жаңа вакцина паспорты

Қазақстанда вакцина паспорты жаңаратын болды. Ол бұрын қолданылған профилактикалық егу картасын ауыстырады. Ол қағаз түрінде және электронды нұсқада да күшін жоғалтпайды.

Паспорттың жарамдылық мерзімі «қажет уақыт аралығында» деп белгіленеді. Яғни оның мерзімін медициналық ұйым бекітеді. Бірақ ол кемінде бір жылға жарамды болуы қажет. Құжатта әртүрлі ауруларға қарсы жүргізілген екпе: туберкулез, В гепатиті, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, көкжөтел және т.б. туралы ақпарат болады.

Заңсыз смартфондарды бұғаттау

Наурызда билік тіркеуде тұрған барлық смартфондарды қатаң тексере бастайды. Жүйе неге қарайды?

  • құрылғының нақты IMEI кодына;
  • GSMA мәліметтері бойынша ұрланған немесе жоғалған тізімде болуына;
  • телефон Қазақстанға заңды түрде келуіне;
  • Тексеруден кейін гаджеттер үш топқа бөлінеді:
  • Барлық сынақтардан өткен және еш қиындықсыз жұмыс істейтін қалыпты құрылғылар;
  • Телефонды заңды сатып алғаны туралы дәлелдеуге бір ай берілетін смартфондар;
  • Ұрланған немесе заңсыз келген құрылғылар желіден ажыратылады.

Егер сіздің телефоныңыз ресми түрде сатып алынса және жаңа ережелерге дейін сай болса, алаңдайтын ештеңе жоқ, ол әдеттегідей жұмыс істей береді.

Есірткі үшін қамау мерзімі ұзарады

Наурыздан бастап есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтетін, бірақ ұсақ құқық бұзушыларға жеңілдік беретін жаңа заң күшіне енеді.

Есірткіні көп мөлшерде өндіру немесе өңдеу фактісі бойынша жаза 15 жылдан 20 жылға дейін немесе мүлікті толық мемлекетке алу және өмір бойы бас бостандығынан айыру болып өзгереді.

Тасымалдаушылар үшін жаза жеңілдейді: алғаш рет заң бұзған және ірі мөлшерде болмаса, 5-8 жыл аралығында, қылмыс қайталанса, жаза 7-12 жылға дейін өседі.

Тыйым салынған өсімдіктерді ірі мөлшерде өсіру және есірткі жасау жабдықтарын сату тасымалдаушыларға да жаза қарастырылатын болады.

Жеке деректерді тарату

Жеке деректерді қорғауға қатысты жаза күшейеді. ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы бойынша айыппұлдар өседі:

  • қарапайым азаматтарға – 30 АЕК дейін;
  • шенеуніктерге, нотариустарға, адвокаттарға, шағын бизнеске – 60 АЕК;
  • орта бизнеске – 100 АЕК;
  • ірі компанияларға – 200 АЕК;

Деректерді ұрлау немесе жоғалтуға байланысты 2000 АЕК қарастырылуы мүмкін. Келтірілген залал жоғары болса, ҚР ҚК-нің 147-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады.

Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК 215-1-бабы пайда болып, деректерді нашар қорғайтын банктер де жауапқа тартылады. 

Еңбек кодексіндегі өзгерістер

2025 жылғы 13 наурыздан бастап еңбек қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтар үшін айыппұл санкциялары өзгертіледі (ҚР ӘҚБтК 93-96-баптары):

Еңбекті қорғау қызметінің немесе маманның болмағаны үшін (93-бап) айыппұл салынады: шағын бизнес пен КЕҰ үшін 20 АЕК, ірі бизнес үшін 120 АЕК;

ӘҚБтК нің 94 бабы бойынша жұмыс орындарын аттестаттау талаптарын сақтамағаны үшін айыппұлға балама ретінде ескерту қарастырылмаған;

Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексермегені үшін 95-бап бойынша айыппұлдар ұлғайтылды: лауазымды адамдар мен шағын бизнес үшін 35-тен 60 АЕК дейін, ірі бизнес үшін 140-тан 200 АЕК дейін, ал бір жыл ішінде қайталап бұзылған жағдайда – 400 АЕК дейін.

Тұтынушы мен кәсіпкер құқығы

2025 жылғы наурыздан бастап ӘҚБтК 173-бабының 2-тармағына өзгерістер енгізіледі. Мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға бизнестің істеріне заңды негізсіз екі рет араласса, оған 200 АЕК айыппұл салынады.

ҚР ӘҚБтК-нің 190-бабына сәйкес сатушылар өздері туралы және тұтынушыларды қорғау органдары туралы деректерді қазақ және орыс тілдерінде көрсетпесе, шағымдарға уақытында жауап бермесе немесе тауарды кері қабылдамаса, айыппұл салынады: жеке тұлғалар үшін 5 АЕК, шағын бизнес үшін 10 АЕК, орта бизнес үшін 15 АЕК, ірі бизнес үшін 25 АЕК. 

204-4-бапқа сәйкес нан немесе сүт сияқты маңызды өнімдерге бағаны көтергені үшін айыппұл салынады: жеке тұлға мен шағын бизнес үшін 5 АЕК, орта үшін 35 АЕК, ірі бизнес үшін 150 АЕК.

Ақша айырбастау пункттеріне айыппұл салынады

ҚР ӘҚБтК-нің 252-1-бабы күшіне енеді. Оған сәйкес, айырбастау пункттері қалыптасқан ережелерді бұзса, 50 бастап 150 АЕК дейін айыппұл салынады.