Таққа талас, династиялар арасындағы күрес, қазақ ұлтының қалыптасуы: Қазақ хандығы туралы арнайы курс жарық көрді

Жарияланды 1 Наурыз 2025 10:33

Қазақ хандығы туралы арнайы курс жарық көрді
Қазақ хандығы туралы арнайы курс жарық көрді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Qalam танымал тарихшы Сұлтан Әкімбековтің Қазақ хандығы туралы арнайы курсын бастады. Курстың жарияланған бірінші бөлімінде Жошы ұлысы, яғни Алтын Орда ыдыраған соң және Қазақ хандығы құрылардың алдында болған оқиғалар сипатталады. 

XV ғасырда Жошы ұлысының сол қанаты болған аймақта өңірдің саяси картасын айқындап беріп кеткен билік күресі басталды. Сұлтан Әкімбеков әулеттер арасындағы соғыстардың қалай басталғанын, ешкім күтпеген одақтардың қалай пайда болғанын және бұл таласқа Шыңғыс ханнан тараған ұрпақтан бөлек тұлғалардың не себепті қатысқанын талдайды. 

Қазақ қалай пайда болды? 

Курстың бірінші бөлімінде Сұлтан Әкімбеков қазақ, өзбек, ноғай секілді жаңа этникалық бірегейліктің қалай қалыптасқанын да сипаттайды. 

«Өзбек, моғол, қазақ, шағатай, ноғай, қырым татары және басқа жалпылама атаулардың пайда болу заңдылығы туралы айта кету қажет. Мұның барлығы Моңғол хан империясы құрылған сәтте пайда болған мемлекеттік дәстүр дағдарысқа ұшыраған кезде қалыптасты. Бұған дейін түрлі моңғол мемлекетінің негізгі құрылымдық бірлігі — Шыңғыс хан әулетінің белгілі бір өкілі басқарған ұлыс болған еді», — деп жазады тарихшы Qalam-дағы мақалада. 

Таққа талас, династиялар арасындағы күрес, қазақ ұлтының қалыптасуы: Қазақ хандығы туралы арнайы курс жарық көрді
Себастьян Мюнстердің картасындағы Қазақ Ордасы – Казахская Орда на карте Себастиана Мюнстера(Kosaki_Orda). Wikimedia Commons

Әкімбеков XIV ғасырдың ортасына дейін тайпалық одақтар жеке-дара субъект болмағанын айтады. Алайда Шыңғыс хан әулетіне тән саяси дәстүр дағдарысы күшеюімен саяси жүйеде ерекше көзге түскен тайпалар алдыңғы қатарға шықты. Олар өз бетінше еркін әрекет ете бастады және жаңа әскери тапқа айналды. 

Керей мен Жәнібектің Көшпелі өзбектер мемлекетінен бөліну туралы шешімі саяси қадам болатын. Алайда жаңадан құрылған мемлекетке адал тайпалар Моғолстанға ере барды және оларға қатысты «қазақ» атауы қолданылды. Бұл Көшпелі өзбектер мемлекетінен бөлініп шыққан жұрттың басқа екенін көрсету үшін қажет болды. 

«Қазақ» атауының пайда болуы жайлы

Сұлтан Әкімбековтің айтуынша, XV ғасырдың бірінші жартысында бұл термин Шыңғыс хан әулетіне тән дәстүр таралған барлық жерде кеңінен қолданылған екен. Ол түрлі моңғол мемлекетіндегі белгілі бір адамның немесе топтың әлеуметтік мәртебесінің өзгеруін білдірген.  

Автор тарихи жылнамалардан Тимурид Әбу Саид және Уәйіс хан секілді тұлғалардың өзі өмірінің түрлі кезеңінде «қазақ болып» жүргені сипатталатын мысалдар келтіреді. Сондай-ақ ол «қазақ» деген терминнің әуеліде әскери іске қатысты болғанын атап өтеді. 

«Шыңғыс әулеті билеген мемлекеттердегі сарбаздар мен ақсүйектер не соғыс жағдайында, не әскери жеңіліске ұшырауына байланысты мәртебесін өзгерткенде, не белгілі бір маңызды оқиғаға арнайы дайындық жүргізгенде «қазақ» анықтамасы пайдаланған. Бұл сөздің Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрған кезде де қолданыста болғанын айта кету керек. Уақыт өте келе «қазақ» осы мемлекеттің халқын білдіретін болды», — деп түсіндіреді тарихшы.

Таққа талас, династиялар арасындағы күрес, қазақ ұлтының қалыптасуы: Қазақ хандығы туралы арнайы курс жарық көрді
Folio from the Tarikh-i alam-aray-i Shah Ismail (The world adorning history of Shah Ismail)

Qalam курсы Қазақ хандығының қалай құрылып, дамып, ыдырағанын жеңіл тілмен суреттейтін бес материалдан тұрады. Сұлтан Әкімбеков курс фактілермен таныстырып қана қоймай, оларды ауқымды контекст тұрғысынан көруге мүмкіндік беретінін айтады: 

«Меніңше, Қазақстанға маңызды сұрақтарға жауап алу маңызды. Себебі бізде көп ретте тарих баяндап қана беретін сипатқа ие. Рас, мұның маңызы өте жоғары, себебі фактілер аталады. Дегенмен қойылған сұраққа жауап табу, проблеманы айқындау және тақырыпты ашу да қажет. Мен Qalam курсында осы сұрақтардың жауабын табуға болады деп санаймын. Бұдан бөлек курс жалпы жағдайды түсінуге көмектесетін аспектілерді байқатады», — деп санайды автор.

Бұл курс — тарихи оқиғаларды жәй ғана сипаттау емес, қазақ бірегейлігінің қалай қалыптасқанын және Қазақ хандығының пайда болуына қандай жайттардың ықпал еткенін түсінуге деген құштарлық. Курста оқырманды құрғақ хронология емес, көпшілік біле бермейтін деректерді тереңінен талдау, күтпеген қорытындылар мен тарихымыздағы басты оқиғаларды пайымдау күтеді. 

«Сұлтан Әкімбековтің курсында академиялық дәлдік пен бейнелі, ұғынықты баяндау үйлесім тапқан. Мұнда қалың оқырманға бейтаныс болуы деректер талданып, тарихтағы негізгі оқиғалар еленіп-екшеленеді. Автор болған жайттардың хронологиясын ұсынып қана қоймай, олардың себебін түсіндіреді және белгілі бір шешімнің бүтіндей аймақтың тағдырына қалай әсер еткені жайлы ойын бөліседі. Бұл курс құрғақ деректермен шектелмей, тірі, айрықша және күтпеген дүниелерге толы тарихты танығысы келетін жандарға арналған. Әрине, курс пікірталас тудырады, оқырманды өзге мәліметтерді зерттеуге итермелейді, тарихымызды жаңаша түсінуге көмектеседі. Алдағы уақытта Сұлтан Әкімбеков курсының келесі 4 бөлімін жариялаймыз, бұдан бөлек біз қазақ және түркі тарихындағы күрделі әрі маңызды тақырыптарды ашатын жаңа курстарды да ұсынатын боламыз», — дейді Qalam бас редакторы Жар Зардыхан. 

Курстың келесі бөлімдері Qalam сайтында әр бейсенбі сайын жарияланып отырады.

Сондай-ақ оқыңыз