Жаңалықтар

Маңғыстау облысында бір отбасындағы 7 адам газдан уланып қайтыс болды

Бір отбасы мүшелері газдан уланып қайтыс болды / Фото: kursiv.media

Маңғыстау облысында бір отбасындағы жеті адам газдан уланып қайтыс болды. Оның бесеуі кәмелетке толмаған. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлады.

Қайғылы оқиға 2 наурызда Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылындағы жеке тұрғын үйде болған.

Қайтыс болғандар Өзбекстан азаматы екені анықталды. Олар Қазақстанда уақытша тұрып жатқан.

Төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оған Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов жетекшілік етеді.

«Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек көрсетіледі, соның ішінде жерлеу рәсіміне де көмек болады. Жағдай Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында», – делінген Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарламасында.

Маңғыстау облысы ТЖД-нің алдын ала болжамы бойынша, қайғылы оқиға газ жабдықтарын пайдалану ережесін бұзу салдарынан орын алған.