Жаңалықтар

Ресейде «дұрыс армандауды» үйрететін курс сатқан блогер 5 жылға сотталды

Ресейде блогер Елена Блиновская сотталды
Ресейде блогер Елена Блиновская сотталды/Фото: ТАСС

Ресейде адамдарға онлайн курс сатқан блогер Елена Блиновская бес жылға сотталды. Бұл туралы Мәскеу прокуратурасы хабарлады.

Мән-жайы

Мәскеудің Савелов соты Блиновскаяны салық төлеуден жалтарды, ақша жылыстатты және төлем қаражаттарын заңсыз айналымға түсірді деп айыптап, кінәлі деп таныған. Сот бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, блогерге 1 млн рубль айыппұл салып, төрт жыл бойы коммерциялық қызметпен айналысуға тыйым салған. Одан бөлек Блиновскаядан мемлекет пайдасына 587 млн рубль өндіріп алу туралы шешім қабылданған.

Елена Блинская ісі

Блогер 2023 жылғы сәуірде Ресейден Беларуське кетуге тырысқан кезінде ұсталған. Алғашында үй қамаққа алынып, кейіннен оның шарттарын бұзғаны үшін тергеу изоляторына қамалған.

Елена Блинская «тілектер марафоны» арқылы танымал болған. Блогер онлайн-курстарда адамдарға армандарын «дұрыс» тілеуді үйретіп, олардың орындалуына «кепілдік» берген. Мұндай «марафонға» тек ақылы түрде қатысуға болатын.

Күйеуінің рөлі

Тергеу мәліметінше, Блиновскаяға оның күйеуі Алексей көмектесіп отырған. 2024 жылдың көктемінде, іс сотқа жеткенге дейін ол Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, Украинадағы соғысқа кетіп жазадан құтылған.

Елена Блиновская кінәсін толық мойындап, салық қарызының 320 млн рублін өтеген.

Қазақстанда да салық органдары блогерлердің қызметін майшаммен қарай бастады. Бұл тексеріске блогерлер ғана емес, интернет арқылы табыс табатын барлық азамат ілінгелі отыр.