
Оқу-ағарту министрлігі кейінгі бес жылда педагогтердің жалақысы 100%-ға өскенін хабарлады.
Министрлік мәліметінше, елде 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға тарта педагог жұмыс істейді.
«2020 жылдан бастап Президент тапсырмасына сәйкес, педагогтердің жалақысы 100%-ға өсті. Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35 % көлемінде үстемеақы қосылды», – делінген министрлік хабарламасында.
Жалақы тағайындау
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін, педагогтердің жалақысы бойынша қалыптасу тәртібі өзгерген. Енді жалақы мөлшері төмендегідей критерийлерге байланысты анықталады:
- санат (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор) деңгейі;
- еңбек өтілі;
- жүктеме көлемі;
- еңбек ету жағдайы;
- академиялық дәрежесінің болуы (10 АЕК);
- тәлімгерлік етуі, сабақтан тыс спорттық дәрістер беру (базалық лауазымды еңбекақыдан 100%)
Осылайша, түрлі санаттарының болуына байланысты педагогтерге келесідей үстемеақы төленеді:
* Педагог-шебер – 50%
* Педагог-зерттеуші – 40%
* Педагог-сарапшы – 35%
* Педагог-модератор – 30%
Жалақы мөлшері
Министрлік ауылдағы педагогтердің жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда кемінде 25%-ға жоғары екенін айтады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда педагогтердің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңгені құраған.
«Бұл ретте Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс жасап, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады» дейді министрлік.
Сонымен қатар, педагогтерге білім беру ісіндегі жетістіктері, олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны және мемлекеттік наградаға ие болғаны үшін ақшалай сыйақы беріледі.
Бұған дейін наурыз айындағы мерекелер қарсаңында мұғалімдерге сыйлық алуға қатаң тыйым салынғанын хабарлағанбыз.