
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту және Украинадағы соғысты тоқтату мақсатында бірқатар батыл қадамдарға барып жатыр. Ақ үй Украинаға көрсетілетін әскери көмекті уақытша тоқтатып, Мәскеуге салынған санкцияларды жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Украинаға әскери көмек тоқтатылды
Ақ үйдің хабарлауынша, Трамп әкімшілігі Украинаға әскери көмек көрсетуді уақытша тоқтатып, оның қажеттілігін қайта қарастырып жатыр.
«Президент бейбітшілікке басымдық береді. Біз серіктестеріміздің де осы мақсатқа адал болғанын қалаймыз. Сондықтан көмекті тоқтатып, оның қаншалықты тиімді екенін қайта қарастырудамыз», – деді Ақ үй өкілі.
Бұл шешім Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы Ақ үйдегі кездесуінен кейін бірнеше күн өткен соң қабылданды. Әскери көмекті тоқтату АҚШ-тың Украинаға жөнелткен барлық қару-жарағы мен әскери жабдықтарына қатысты. Бұл, әсіресе, Польша арқылы транзитпен жетуі тиіс қаруларға әсер етуі мүмкін.
CNN-нің мәліметінше, АҚШ-тың бұл шешімі жақын арада айтарлықтай әсер етпегенімен, ұзақ мерзімде Украина Қарулы күштері үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Ресейге салынған санкцияларды жеңілдету мүмкіндігі
Сонымен қатар Трамп әкімшілігі Мәскеумен дипломатиялық және экономикалық байланыстарды жақсарту мақсатында Ресейге салынған кейбір санкцияларды алып тастау мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Ақ үй Мемлекеттік департамент пен Қаржы министрлігіне Ресейге қарсы санкцияларды жеңілдетуге қатысты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған. Reuters агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, бұл өзгерістер кейбір ресейлік компаниялар мен жеке тұлғаларға, соның ішінде белгілі олигархтарға қатысты болуы мүмкін.
Алайда АҚШ санкцияларды жеңілдету үшін Ресейден нақты қандай қадам күтетінін әлі ашық жариялаған жоқ.
Энергетикалық нарықтағы ықтимал өзгерістер
Ресей – әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі. Егер АҚШ Ресейдің энергетикалық секторына салынған санкцияларды жеңілдетсе, бұл әлемдік отын бағасына тікелей әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, Трамп Иран мұнайына қарсы санкцияларды күшейтсе, Ресейге қойылған шектеулердің босаңсуы мұнай нарығындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектесуі мүмкін.
АҚШ пен Ресей қарым-қатынастары жаңа кезеңге өте ме?
Кремль бұған дейін Байден әкімшілігі кезінде АҚШ-пен қарым-қатынасты «нөлден де төмен» деген баға берген еді. Байденнің Украинаға көрсеткен көмегі мен Ресейге салған санкциялары Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қатынасты одан әрі шиеленістірген.
Алайда, Трамп билікке қайта оралғаннан кейін АҚШ-тың Ресейге қатысты саясаты күрт өзгерді. 12 ақпанда Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, артынша Сауд Арабиясы мен Түркияда америкалық және ресейлік дипломаттар кездесулер өткізді.
Ақ үй, Мемлекеттік департамент, Қаржы министрлігі және Ресейдің Вашингтондағы елшілігі бұл мәселеге қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.