
Мұғалімдерге мерекелерде сыйлық алуға қатаң тыйым салынды. Бұған дейін мұғалімдерге мерекелерде шағын сыйлықтар беру дәстүрге айналып кеткен болатын.
Енді алдағы келе жатқан 8 наурызда және 22 наурызда ұстаздар сыйлық алудан бас тартуы тиіс.
Әсіресе, Шымкент мектептері бұған қатты назар аударуда. Мектеп басшылықтары мұғалімдерге мерекелерде алатын сыйлыққа қатысты ата-аналарға, оқушыларға да қатаң ескерту жасады.
Оқушылар бір-біріне сыйлық жасамауы керек
Өйткені мұғалімдерге мерекелерде сыйлық алуы заңға томпақ келеді. Ескертудің мақсаты – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының талаптарын сақтау, мектептегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.
«8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және 22 наурыз – Наурыз мейрамы қарсаңында кез келген тұлғалардан, оның ішінде оқушылар мен ата-аналардан қаржы жинауға, мұғалімдерге сыйлық ұйымдастыруға, оқушылардың бір-біріне сыйлық беруіне қатаң тыйым салынатынын ескертеді», – деп хабарлады мектеп директоры Нұрай Мұсаева (аты-жөні өзгертілді).
Сыйлық заңға қайшы
Директордың айтуынша, мұғалімдердің мерекелерде материалдық сыйлық алуы заңға қайшы. Мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде мұғалімдерге сыйлық беру сыбайлас жемқорлыққа жатады.
«Сыйлық беру – міндетті емес. Мұғалім еңбегін бағалаудың ең үлкен сыйы – оқушылардың тәртібі мен білімге деген ынтасы. Шынайы алғыс, жылы сөздер, оқушылардың жетістігі – ең құнды сый», – деп жазды Н.Мұсаева.
Сонымен қатар, мектеп басшысы ата-аналар мен оқушыларға да қатаң ескерту жасап отыр.
«Сыйлық ал деп қыстайтын ата-аналар бар»
Мектеп директорлары оқушылар мен ата-аналардан мұғалімдерді ыңғайсыз жағдайға қалдырмауға шақырып отыр. Оның сөзіне қарағанда, көптеген ұстаздар сыйлық алудан бас тартқысы келеді. Бірақ кейде ата-аналардың өзі қыстауы, қысым жасауы мүмкін. «Бұл мұғалімдерге психологиялық ауыртпалық түсіреді», – дейді директор.
«Балаларға дұрыс тәрбие беру – біздің ортақ міндетіміз. Сыйлық беру – міндет емес, керісінше, жас ұрпаққа әділдік пен шыншылдық секілді құндылықтарды сіңіру әлдеқайда маңызды», – деп жазды мектеп директоры.
Осылайша, мектеп директоры мұғалімдердің мерекелерде сыйлық алуына қатысты қатаң ескерту жасады. Мұның алдында мұғалімдердің кез-келген іс-шарадан бейнероликтерге түсіріп, инста-ұстазға айналып келе жатқанын жазған едік.