Салық кодексі қабылданғаннан кейін, елдегі 300 мың кәсіпорын ҚҚС төлеуі мүмкін

Жарияланды
Алмас Чукин / Фото: ашық дерек

Жеңілдетілген салық режимі тек шағын бизнеске ғана арналған еді. Бірақ қазір оны орта және ірі кәсіпкерлік те пайдаланып кетті. Нәтижесінде қосылған құн салығының базасы жоғала бастады. Бүгін, 5 наурыз күні, Алматыда өткен CFO Summit шарасында Visor инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Алмас Чукин баяндамасында осылай деп мәлім етті.

«Өздеріңіз білетін шығарсыздар, жеткізушілердің 70%-ға жуығы жеңілдетілген режимдегілер. Олардан электронды шот-фактура ала алмаймын, есеп ала алмаймын, ары қарай тізбек үзіліп кетеді, оның бәрі бизнеске әсер етеді», – дейді ол.

Енді жаңа өзгерістерден кейін сол шағын бизнес те, орта бизнес те жаппай ҚҚС төлеуге көшеді.

«Маңызды нәрсе – қалыпты жеңілдетілген салық режимінде шек 15 млн-ға дейін төмендетілді. Оны шағын бизнес деуге де болмайды, супер-микро бизнес ол. Басқаларына шегі жоғары бөлшек салықты қалдырды. Тиісінше осыдан кейін 200-300 мың кәсіпорын ҚҚС төлеуге тіркеледі деген болжам бар», – деп түсіндірді Чукин.

Экономистің сөзінше, салық көтерілгеннен кейін, елде бизнес жоғалады деген сөз бекер. Бірақ кәсіпкерлер көбірек көлеңкеге кете бастауы мүмкін.

«Бизнес ешқашан өлмейді, бизнесмендер өледі. Олардың орнына басқалар пайда болады. Тіпті соғысып жатқан Африка елдерінде де бизнес жұмыс істеп жатыр. Бірақ біздегі ең үлкен қауіп ақ, сұр, қара деп бөлінетін жүйе. Егер мені кәсіпкер ретінде ыңғайсыз бәсекелестік жағдайға қалдыратын болса, мен салықтық айлаға көшуге мәжбүрмін. Салдарынан бізде ақтар сұрланып, сұрлар қарайып жатады. Орта бизнес болу, ірі бизнес болу тиімсіз болып, кәсіпкерлер майдалана бастайды», – дейді ол.

Бұған дейін де сарапшылар елдегі салық режимі дұрыс орындалмайтыны жайлы айтқан. Мәжіліс жиынында бұрынғы экономика министрі Жақсыбек Құлекеев елде салық төлеушілердің барлығы үшін ортақ тәртіп болуы керек деген.

«Біз Қазақстанда 2,4 млн жеке кәсіпкер құрып қойдық. Соның 2 миллионы төлемейді. Бұл не сұмдық? Шағын кәсіпкерлік үлесіне ішкі жалпы өнімнің 34 пайызы келеді. Ал сол жерден бюджет ештеңе алып отырған жоқ. Онда біз мемлекетті қалай бағып-қағамыз?«, – деп атап өткен еді ол.

Қазір елімізде қосылған құн салығының көтерілуіне қатысты жаңа Салық кодексі Мәжіліске жіберілді. Үкімет салық мөлшерін көтеріп, сол арқылы бюджет тапшылығы мәселесін шешкісі келеді.

Сондай-ақ оқыңыз