Шу ауданы әкімдігіне 26 млн теңгенің көлігі не үшін керек?

Жарияланды 6 Наурыз 2025 16:29

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

госзакуп
Шу ауданы әкімдігі қандай көліктер сатып алды / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шу ауданының әкімдігі биыл қызметтік көліктерді жаңартуды жоспарлап отырған тәрізді. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы лоттарға сүйенсек, осы жылы ақпанда әкімдік 26 млн теңгеге көлік сатып алған. Оның артынша 13 млн-ға тағы бір жаңа машина сатып алған.

Конкурсты Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жариялаған. Техникалық талапта жазылғандай, әкімдікке 2024 жылы шығарылған, D класындағы, жаңа, ешбір мінілмеген жеңіл машина қажет. Оған «СарыарқаАвтоПром» құрастыратын Kia Sorento көлігі сай келген.

Көлемі 2500 текше см-ге дейінгі, кроссовер санатына жататын, толық жабдықталған көлікті әкімдік 26 млн теңгеге бағалаған. Kia-ның ресми диллерінің сайтында, бұл көліктің бағасы 21 млн теңгеден басталған.

Шу ауданы әкімдігі қызығып отырған тағы бір көлік – Hyundai Elantra. Аудан әкімдігі осы жылы ақпанның 28-де конкурс жариялап, 5 наурызда «Hyundai Taraz» ЖШС-дан көлік сатып алу алу жайлы келісімге отырған. B сыныбына жататын, көлемі 2000 куб. см-ге дейінгі, толық жабдықталған жап-жаңа Hyundai Elantra 13 млн теңгеге бағаланды. Техникалық талапқа сай машина 2024 жылы шығарылған, рөлі былғарымен қапталған болуы керек.

Kursiv Media Шу ауданы әкімдігінің бұл көліктерді қандай мақсатқа алғаны жайлы сауал жіберді, бірақ әлі жауап болған жоқ.

Еске салсақ, 2020 жылы Тоқаев мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы органдарға үш жылға дейін «премиум» санатындағы көліктер алуға мораторий жариялаған. Бірақ 2024 жылы оның күші жойылды.

Осы жылы елдегі бюджет тапшылығына байланысты мемлекеттік шығындарды қысқарту мәселесі жиі айтылып жүр. Бірақ ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдағы бюджет шығыны 32 трлн деп есептеліп, одан 25 трлн теңгеге дейін қысқартылған. Бұдан әрі қысқарту мүмкін емес дейді министрліктегілер.

«Шығындар өсе береді. Денсаулық сақтау (шығыны – ред.) ЖІӨ-нің 3-4%-ын құрайды. Білім саласына қаржыландыру жетіспейді. Егер оның бәрін қаржыландыратын болсақ, шығындар өсе береді. Біз шекті мөлшері деп есептеген 28 трлн теңге шығын, ол да жетпейді», – деді ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

Сондай-ақ оқыңыз