Украина әскеріне Курс облысында қоршауда қалу қаупі төнді

Ресей әскері Украина басып алған Курск облысындағы Суджа қаласының оңтүстігіндегі украин қорғаныс шебін бұзып өтті деп хабарлады «Украинская правда» басылымы.
Басылымға мұндай ақпаратты Украина қарулы күштерінің Курск облысындағы бір бөлімшесінің сарбазы айтқан. Оның сөзінше, бұл кенеттен емес, біртіндеп әрі жоспарлы түрде жүзеге асқан.
«Жаңа жылға дейін-ақ ресейліктер Суджаның оңтүстігіндегі Куриловка ауылына кірген. Сол кезде бригадаларымыздың бірі позициясын тастап кетті. Осыдан кейін қарсылас күштерін жинап, жүйелі түрде шабуылдар жасай бастады. 5 және 6 наурызда олар шешуші қадам жасап, осындай нәтижесі жетті», – деген ол.
ВВС-дің орыс қызметі Ресей әскерінің Курск облысындағы Куриловка маңында алға жылжығанын 7 наурызға қараған түні украиналық DeepState талдау жобасы да хабарлағанын атап өтті.
Олар ресейлік әскердің жетістігін Солтүстік Кореядан келген ауқымды әскери күштің ұрысқа қосылуымен байланыстырады.
Ресейдің негізгі мақсаты — Курск облысындағы украин бөлімшелерін жабдықтайтын маңызды жолды бақылауға алу екені айтылады. Ол жол Сумы-Юнаковка-Суджа бағытында орналасқан.
ВВС бұл трасса мен оған параллель орналасқан Олешня жолы қазірдің өзінде Ресей армиясының атыс бақылауында тұрғанын, бұл Суджа мен оның айналасындағы украин бөлімшелерінің қоршауда қалу қаупін тудыратынын жазды.
Ресей соғысты аяқтау бойынша ықтималды келіссөздер қарсаңында өзінің жерін азат етіп, Украина шебіндегі қысымын арттыруға барын салып жатыр. Осы ретте АҚШ пен Украина келесі аптада Сауд Арабиясында келіссөз жүргізгелі жатыр.