Алматыда найзағай даусы тұрғындардың үрейін алды

Көктем уақытынан кешікпей келетін Алматының күн райы биыл әдетінен жаңалып тұр. Қалада аспан түнеріп, ара-тұра найзағай жарқылдайды. Күркіреген қатты дауыс көпті шошытты.
Қалалық Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды қорықпауға шақырады.
«Қазгидромет» РМК-ның Алматы қаласы бойынша мәліметіне сәйкес, қаланың тау бөктерінде будақ бұлттардың түзілуі нәтижесінде найзағай ұясы қалыптасып, күн күркіреуі байқалды», – деп хабарлады ТЖД.
«Қазгидромет» мамандары күнтізбеде көктем болғанына қарамастан, солтүстік-батыс циклондарының сериясы Қазақстанның бүкіл аумағына әсерін тигізетінін айтады.
Бұл циклон өзімен бірге солтүстікте қар, боран, елдің оңтүстігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын әкеліп, бүкіл республика бойынша желдің күшеюі байқалады деп болжанып отыр.
Синоптиктердің сөзінше, батыстан антициклон ауыса бастауына байланысты 9 наурыз күні жауын-шашын тоқтайды. Алайда ауа температурасының төмендеуі байқалады. Тіпті 10 наурызда солтүстік аймақтарда түнгі уақытта 12-20 градус аяз күтіліп отыр.
Бұған дейін ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше облыста жол қозғалысы жабылғанын жазғанбыз.