Жаңалықтар

Алматы әуежайындағы оқиға: күдікті осыған дейін автобуста қызға шабуыл жасаған

шу шығарған
Алматы әуежайында шу шығарған адам осыдан біраз уақыт бұрын автобуста қыз балаға шабуыл жасаған / Фото: видеодан скриншот

Алматы халықаралық әуежайында шу шығарған адам, осыған дейін қоғамдық көліктердің бірінде қызға шабуыл жасаған. Бұл ақпаратты Алматы қалалық полиция департаменті растады.

«Алматы қалалық полиция Департаменті екі іске де бір адамның қатысы бар екенін растайды», – делінген хабарламада.

Полиция мәліметінше, қоғамдық көліктегі оқиғадан кейін Алмалы аудандық полициясы күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Қоғамдық көлікте жолаушыға қол көтергені үшін ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Артынша сот шешімімен оған үйқамаққа алу шарасын таңдалған.

Ал сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс материалдары сотқа жолданып, 2024 жылдың желтоқсан айында сот ер адамды бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен.

Еске сала кетсек, бүгін 7 наурыз күні Алматы әуежайында оқыс оқиға болып, ер адам әуежай қызметкерін кепілге алды. Пышақпен қаруланған ер азамат әуежайды жарып жіберетінін айтқан. Кепілге алынған әйелді әуежайға туыстарын шығарып салуға барған ер адам құтқарып қалды. Бұл оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерлік жасаған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.

Алматы әуежай ер адамның әрекетінен зардап шеккен әуежай қызметкерінің жағдайы жақсы екенін хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше оған қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

«Осы оқиғадан зардап шеккен әуежай қызметкеріне қатысты Алматы халықаралық әуежайы оған психолог берді және одан әрі барлық қажетті көмекті көрсетеді», – делінген баспасөз хабарламасында.