Банк пен қаржы

ҰБ басшысы: Салықты көтеру арқылы Ұлттық қорға қол салуды доғарамыз

ҰБ төрағасы Үкіметтің салық саясатын қолдайды / фото: ашық дереккөз

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің салық саясатын, соның ішінде қосылған құн салығын (ҚҚС) көтеруін дұрыс деп есептеді. Себебі сол кезде Ұлттық қорға түсу тоқтайды.

Өскелең ұрпақтың қалтасына түспейміз

Бұл туралы ол базалық мөлшерлеменің 16,5%-ға дейін өсуіне байланысты өткізген баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Сүлейменовтің айтуынша, қосылған құн салығын көтерген соң, Үкімет Ұлттық қорға қол салуды доғарады.

«Біз қосылған құн салығын көтереміз, есесіне Ұлттық қордан трансферт алуды доғарамыз. Ыңғайлы айырбас. Экономистер мен қаржыгерлер дұрыс деп есептейді.

Азаматтар тұрғысынан алап қараған уақытта да дұрыс екенін көреміз. Себебі Ұлттық қорға қол салған уақытта, біз болашақтың – балаларымыздың қалтасына түсіп, бюджет тапшылығын жамаған боламыз», – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Ұлттық қордан ақша алу әдетке айналды ма?

2025 жылдың алғашқы екі айында-ақ Ұлттық қордан бюджетке 1 трлн теңгеден аса қаражат алынып үлгерген. Билік биыл осы қордан 5,2 трлн теңге (2 трлн – кепілдендірілген, 3,6 трлн – нысаналы трансферт) трансферттеуді көздеп отыр.

Алайда қаржы сарапшылары Үкімет, әдеттегідей, одан көп ақша ала ма деп қауіптенеді. Журналистердің осы мәселеге қатысты сауалына ҰБ басшысы былай деп жауап берді:

«Қарқыны бізді де ойландырып отыр. Трансферттер дәл осылайша тым тез жүрмесе екен дейміз. Әйтпесе жыл аяғында нарыққа ұсынатын ештеңе қалмай қалады.

Бақылаймыз. Квазисектор акцияларына қатысты жағдай тағы қайталанбайды деп үміттенеміз. Біздің ұстаным – мұндай жағдай қайталанбауы тиіс», – дейді Сүлейменов.

2023 жылы ҰБ Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз«, ал 2024 жылы «ҚазАтомӨнеркәсіп» акцияларын сатып алған еді.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет 20 ақпанда қосылған құн салығын 16%-ға көтеруді көздейтін заң жобасын Мәжіліске өткізді. Парламент депутаттары құжатты талқылап жатыр.

Айта кетерлік тағы бір жайт, осының алдында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова қосылған құн салығын көтерудің теріс салдары болатынын ескерткен.