Қазақ әйелінің жай-күйі соңғы 10 жылда қалай өзгерді

Жарияланды
Қазақстанда әйелдердің экономикалық және әлеуметтік рөлі артып келеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда әйелдердің экономикалық және әлеуметтік рөлі артып келеді. Бірақ олар әлі де бірқатар қиындықтарға тап болуда. Гендерлік жалақы айырмашылығы, мансаптық өсу кедергілері, басшылық қызметтердегі теңсіздік және зейнетақы айырмашылығы – шешуді қажет ететін мәселелер. Біз қазақ әйелдерінің соңғы 10 жылда қалай өзгергенін талдап көрейік.

Гендерлік жағдайымыз қандай?

Жаһандық гендерлік алшақтық индексінің 2024 жылға арналған есебі бойынша Қазақстан 76-орында орналасқан, оның жалпы индексі 0.710-ды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда (2023 жылы 62-орын, индекс – 0.721) елдің көрсеткіші төмендеген. Қазақстанның әртүрлі салалардағы гендерлік теңдігіне қатысты негізгі көрсеткіштері төрт негізгі санатқа бөлінеді. Олар: экономикалық қатысу және мүмкіндіктер, білімге қолжетімділік, денсаулық және өмір сүру ұзақтығы, сондай-ақ саяси қатысу.

Инфографика 01:      Қазақстанның гендерлік жағдайы / Инфографика: kursivmedia, бильд-автор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Экономикалық қатысу және мүмкіндіктер бойынша Қазақстан 28-орында орналасқан, индекс көрсеткіші – 0.751. Бұл салада еңбек нарығына қатысу деңгейі 0.849 (45-орын), ұқсас жұмыс үшін жалақы теңдігі 0.680 (53-орын). Ал бағаланған табыс деңгейі 0.667 (57-орын). Сондай-ақ басшылар мен жоғары лауазымды қызметтерде әйелдердің үлесі 0.689 (37-орын). Кәсіби және техникалық қызметкерлер арасында әйелдер саны бойынша Қазақстан 1.000 көрсеткішімен бірінші орынға ие.

Білімге қолжетімділік индексі бойынша Қазақстан 36-орында (0.999) тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмендеу (2023 жылы – 27-орын). Елдегі сауаттылық деңгейі 0.999 (59-орын), бастауыш білімге қатысу көрсеткіші 1.000 (1-орын), орта білімге қатысу 0.996 (92-орын), ал жоғары білімге қатысу көрсеткіші 1.000 (1-орын) деңгейінде.

Денсаулық және өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан 46-орында, индекс мәні – 0.976. Бұл санатта туу кезіндегі жыныстық қатынас көрсеткіші 0.939 (124-орын), ал денсаулықты өмір сүру ұзақтығы 1.060 (1-орын).

Саяси қатысу индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші өте төмен – 116-орын (0.116). Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеу (2023 жылы – 100-орын, индекс – 0.146). Парламенттегі әйелдер үлесі 0.241 (100-орын), министрлік лауазымдағы әйелдер үлесі 0.167 (107-орын), ал соңғы 50 жылда елді басқарған әйелдердің болмауы бұл көрсеткіштің 0.000 (80-орын) деңгейінде қалуына себеп болды.

Жалпы алғанда Қазақстан гендерлік теңдік бойынша орташа деңгейде орналасқан. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында әйелдерге үлкен мүмкіндіктер жасалғанымен, саяси қатысу мен экономикалық теңдік бойынша, әсіресе жалақы мен басшылықтағы әйелдер саны тұрғысынан, айтарлықтай мәселелер бар. Саяси салада әйелдердің қатысуы өте төмен. Бұл елдегі гендерлік теңдікті арттыру үшін маңызды реформалар қажет екенін көрсетеді.

Инфографика 02:     Қазақстандағы әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы / Инфографика: kursivmedia, бильд-автор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Орташа өмір сүру ұзақтығы

Қазақстанда әйелдердің өмір сүру ұзақтығы соңғы жылдары артып келеді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 78,4 жасты құраса, 2023 жылы 79,06 жасқа жетті. Әлемдік деңгейде әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жас деп бағаланады.  Алайда, бұл көрсеткіш аймақтар мен елдерге байланысты айтарлықтай өзгереді. Мысалы, Батыс Еуропада әйелдердің өмір сүру ұзақтығы шамамен 83 жасқа жетсе, Батыс Африкада бұл көрсеткіш 58 жас шамасында.

Әйелдердің ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүруінің бірнеше себебі бар. Соның ішінде биологиялық және әлеуметтік факторлар маңызды рөл атқарады. Жапония сияқты елдерде әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 85 жасқа дейін жетеді. Ал ерлерде бұл көрсеткіш 81 жас.

Инфографика 03:           Еліміздегі аналар өлімі / Инфографика: kursivmedia, бильд-автор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Аналар өлімі мен туу коэффиценті

Қазақстанда және әлемде ана өлімі мен бала туу коэффициенттері соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады.  2024 жылы Қазақстанда ана өлімі 11,4%-ға азайып, соңғы 20 жылда бұл көрсеткіш 76%-ға төмендеген. Елімізде 15-19 жастағы әйелдердің бала туу коэффициенті айтарлықтай төмендеп келеді. Мысалы, 2016 жылы 1000 әйелге шаққанда 32,13 п.т құраса, 2023 жылы 17,59 пайыздық тармаққа дейін төмендеген.

Бұл мәліметтер Қазақстанда ана өлімінің азайып, бірақ бала туу көрсеткішінің төмендеу үрдісін көрсетеді. Әлемде де ұқсас тенденциялар байқалады, бала туу коэффициенті төмендеуде, ал ана өлімі азаюда.

Инфографика 04:          Некеге тұру азайып келеді / Инфографика: kursivmedia, бильд-автор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Некелесу азайып келеді

Қазақстанда некелесу санының азаюы – соңғы жылдары байқалған әлеуметтік тенденция. 2022 жылы Қазақстанда бұрын-соңды болмаған төменгі көрсеткіш тіркеліп, 128 мың неке қиылған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8%-ға аз. 2023 жылы некелер саны 140 мыңға жақындағанымен, жалпы төмендеу үрдісі сақталуда.

Қазақстанда некеге тұру жасының да ұлғайып келе жатқаны байқалады. Орташа алғанда, ерлер 27-30 жасында, ал әйелдер 24-28 жасында некеге тұрады.

Инфографика 05:         Әйелдерің парламенттегі үлесі / Инфографика: kursivmedia, бильд-автор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Әйелдердің экономикалық белсенділігі

Қазақстанда  әйелдердің экономикалық белсенділік деңгейі 75-80% шамасында. 2023 жылыл ресми мәлімет бойынша еңбекке жарамды экономикалық тұрғыдан белсенді әйелдердің үлесі 78,9%-ды құрады. Бұл көрсеткіш ерлерге қарағанда сәл төмен, бірақ посткеңестік елдермен салыстырғанда жоғары. Әйелдер көбінесе төмен жалақы төленетін әлеуметтік салаларда (білім, медицина, әкімшілік қызметтер) жұмыс істейді.

Саяси басқарудағы әйелдер: Парламент, министр, әкім, квазимемлекеттік сектор

Парламентте әйелдердің үлесі  ұзақ жылдар бойы 25-28% арасында болса, 2023 жылы оның үлесі 19,4% дейін түскен. Ал үкіметтегі министірлер кабинетінде 2023 жылы 4 әйел министр болса, 2024 жылы оның саны 2 ге дейін қысқарған. Әкімдер арасында әйелдер саны өте аз (кейбір облыс әкімдерінің орынбасарлары ғана әйелдер).

«Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомПром» сияқты ірі ұлттық компанияларда әйелдер басшылық қызметтерде аз. Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде әйелдердің үлесі шамамен 15-20%.

Қазақстанда әйелдер экономикаға белсенді араласып келеді. Алайда жалақы, басшылық қызметтер және қаржылық мүмкіндіктер тұрғысынан теңсіздік сақталуда. Мемлекеттік және қоғамдық қолдаулар арқылы бұл көрсеткіштер біртіндеп жақсарып келеді. Бірақ әйелдердің жоғары деңгейлі басшылыққа келуі әлі де шектеулі.

Инфографика 06:            Лауазымды қызметтегі әйелдердің үлесі / Инфографика: kursivmedia, бильд-автор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Жұмысқа орналастыру

Қазақстанда әйелдердің басқарушылық қызметтердегі үлесі өсіп келе жатқанымен, әлі де ерлермен салыстырғанда төмен деңгейде. Бұл мәселе гендерлік теңдік, әлеуметтік стереотиптер және экономикалық жағдайларға байланысты. Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың қортындысы бойынша әйелдердің басшылық қызметтегі үлесі 41,2% құрады.

Жұмысқа орналастыру органдарына жүгінген әйелдердің саны айтарлықтай өсіп келеді. 2018 жылы 307 мың әйел өтініш қалдырса, 2023 жылы 544 мың әйел жұмыс тауып беруін өтінген.

Инфографика 07:      Әйелдердің орташа зейнетақы төлемі аз / Инфографика: kursivmedia, бильд-автор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Орташа зейнетақы

Он жыл бұрын ерлер мен әйелдердің орташа зейнетақы көлемінде айтарлықтай айырмашылық 29,1% құраса, 2023 жылдың қортындысы бойынша бұл арақашықтық 19,0% жеткен.

Неліктен айырмашылық бар?

Жалақы айырмашылығы – Әйелдер ерлерге қарағанда орта есеппен 21-30% төмен жалақы алады. Бұл олардың зейнетақы жинақтарына әсер етеді.

Жұмыс өтілі – Әйелдер бала туу, бала күтімі және отбасылық жағдайларына байланысты еңбек нарығынан уақытша шығып қалады.

Зейнетке шығу жасы – Бұрын әйелдер ерлерге қарағанда ертерек (58 жаста) зейнетке шыққан. 2027 жылдан бастап әйелдер де 63 жаста зейнетке шығатын болады, бұл жинақтың артуына әсер етеді.

Ынтымақты жүйенің үлесі – Егде жастағы әйелдер көбінесе кеңестік кезеңдегі төмен жалақының әсерін сезінеді.

Болашақта бұл айырмашылықтың одан әрі қысқаруы мүмкін. Бірақ толық теңестіру үшін әйелдердің еңбек нарығындағы жағдайын жақсарту қажет.

Қорытынды

Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдердің экономикаға қатысуы, басшылық қызметтерге келуі және зейнетақы жүйесіндегі жағдайы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Әйелдер еңбек нарығына белсенді түрде араласып, кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекеттік және жекеменшік секторда басшылық қызметтерді атқаруда. Дегенмен, жалақы айырмашылығы, мансаптық өсу кедергілері және зейнетақы мөлшеріндегі теңсіздік сияқты мәселелер әлі де өзекті болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз