ШҚО-да екі балдық жер сілкінісі тіркелді

8 наурыз күні таңертең Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласының маңында екі балдық жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы хабарлады.
«Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС-ның сейсмикалық станциялар желісі 2025 жылғы 8 наурызда Астана уақытымен 08:29:35-те жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісінің координаттары: 47.053° солтүстік ендік, 84.999° шығыс бойлық», – делінген ресми хабарламада.
Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан 767 шақырым солтүстік-шығыста, Қазақстан аумағында орналасқан. Зайсан қаласында жер сілкінісінің есептелген қарқындылығы екі балды құрады.
Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді.