Петропавлда Ұлттық ұлан офицері қаруланған бұзақыны тоқтатты
Жарияланды

Петропавл қаласында Ұлттық ұлан офицері көшеде өтіп бара жатқан адамдарға қарумен қорқыту әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Оқиға кешкі уақытта болған. Капитан әскери қызметтен тыс уақытта туыстарынан қайтып келе жатып, аулада қолында тапаншаға ұқсас заты бар, мас адамның адамдарға қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын байқайды. Әскериді көрген бұзақы тапаншаны офицерге қарай бағыттаған.
Алайда капитан шұғыл әрекет етіп, жедел қимылмен қарсы шабуыл жасап, бұзақыны жерге құлатып, оны қозғалыссыз күйде ұстады. Ол хулиганды полиция қызметкерлері келгенше бақылауда ұстап, кейін құқық қорғау органдарына тапсырды.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр.